"Денсаулық" адам денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастығы" ЗТБ Қазақстан нарығында ашық сатылымнан сатып алынған заңды және заңсыз темекілерге тәуелсіз салыстырмалы зертханалық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу барысында жүйелі заңбұзушылық белгілері мен тұтынушылар денсаулығына төнуі мүмкін қауіптер анықталған.
Зерттеу ТМД аумағындағы темекі өнімдерін зерттеумен айналысатын жетекші ғылыми орталықтардың бірі – "Темекі, махорка және темекі өнімдері жөніндегі бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институты" ФМБҒМ базасында жүргізілді. Зерттеу барысында техникалық регламент талаптарының 10-нан астам бұзушылығы анықталды. Оның ішінде өнімді қолдан жасау белгілері мен қауіпсіздік стандарттарынан жүйелі ауытқулар бар екені көрсетілген.
Сарапшылар өнімдердің химиялық құрамына ерекше назар аударды. Мәселен, заңсыз айналымдағы темекінің бірінің құрамындағы хлордың үлесі 1,5%-ды құраған. Бұл заңды өнімдердегі көрсеткіштен (0,7%) 2 еседен астам жоғары. Сонымен қатар, тағы бір темекінің сүзгісінен (фильтрінен) өрескел ақаулар табылды. Зертханалық тексеріс барысында сүзгідегі желдеткіш саңылаулардың жартылай желімденіп қалғаны анықталды. Соның кесірінен ауа алмасу көрсеткіші 4%-дан 34%-ға дейін тұрақсыз болып шыққан.
"Әдетте, дәрігер дәстүрлі темекі шегетін пациентке кеңес бергенде, оның өкпесіне, жүрек-қан тамырлары жүйесіне және жалпы ағзасына қандай зардап келіп жатқанын нақты түсінеді. Ал заңсыз тасымалданған (контрабандалық) темекінің құрамы белгісіз болғандықтан, дәрігер де, шылым шегушінің өзі де оның қандай зиян әкелерін дөп басып айта алмайды. Адам өзіне таныс, үйреншікті өнімді сатып алдым деп ойлайды, бірақ іс жүзінде өз денсаулығын қауіпті эксперименттің құрбанына айналдырады", – деді "Денсаулық" адам денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастығы" ЗТБ Төрағасы Талғат Нұрғожин.
Сарапшылар бұл мәселе тек заңсыз саудамен шектелмейтінін, сонымен қатар тұтынушылар денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Мамандардың айтуынша, хлордың шамадан тыс мөлшері темекі жанған кезде бөлінетін улы заттардың әсерін күшейтуі мүмкін. Ал ақауы бар сүзгілер тыныс алу жүйесіне түсетін салмақты арттырады.
"Темекі құрамындағы хлор мөлшері мен заңды маркалардың арасындағы айырмашылық – бұл жай ғана құрғақ цифрлар емес, бұл – шылым шегуші күнделікті ішіне тартатын жану химиясының айырмашылығы. Құрамында хлоры бар қосылыстар жанған кезде сутегі хлориді мен диоксиндерді қоса алғанда, өте қауіпті уытты заттар бөлінуі мүмкін. Заңды өндіруші бұл көрсеткішті қатаң бақылауға міндетті, ал зерттеу нәтижелері көрсеткендей, заңсыз өнімдер мұндай тексерістен мүлдем өтпейді. Бұған қоса, контрабандалық қос үлгіден де сапасыз шикізаттың иісі мен дәмін жасыру үшін хош иістендіргіш қоспалардың қолданылғаны анықталды. Бірақ тұтынушы бұл өнімге нақты не қосылғанын білмейді: бұл заттардың қайдан шыққаны, құрамы мен қауіпсіздігі еш жерде көрсетілмейді", – деді дәрігер, "Денсаулық" адам денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастығы" ЗТБ Төрағасының орынбасары Гинтаутас Кентра.
Баспасөз мәслихатының бөлек бір блогы заңсыз өнімдердің таралуынан келетін экономикалық және құқықтық зардаптарға арналды. Сарапшылардың айтуынша, контрабандалық темекілер таңбалау тұрғысынан техникалық регламент талаптарына мүлдем сай келмейді, соған қарамастан Алматының бөлшек сауда дүкендерінде ашықтан-ашық сатылып жатыр.

