Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі өмірден озды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді." – деп жазды министр Instagram парақшасында.
Министрдің жазуынша, Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады.