Тікелей эфир

"Шұрық-тесік көрпе-жастық пен бұзылған техника". Алматы облысында жатақханалардың сапасы сын көтермейді

Колледж 38 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген.

Алматы облысында коллеждерге тиесілі жатақханалардың сапасы сын көтермейді. Бірінде интернет қосылмаса, енді бірінде студенттер ескі-құсқы көрпе-жастық жастанып жатыр.

1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжінде 300 орынға шақталған студенттер үйі 38 жылға жуық уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде мұнда 50-ге тарта студент тұрады.

"7 мамандық бойынша 600-ге тарта шәкіртке кәсіптік білім беріп отырған іргелі мекеменің жай-күйі сын көтермейді. Жатақхана қабырғаларының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйелерінің де жағдайы тым нашар. Оған қоса қаланың қақ ортасында тұрып интернет желісіне қосылмаған", – деді облыстық мәслихат депутаты Әсел Заирова.            

Ал колледж директоры білім ордасында интернет бар екенін, тек жылдамдығы нашар екенін айтып ақталды, деп хабарлайды "Аманат" партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі. 


Оқи отырыңыз: Президент: Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады


"Интернеттің жылдамдығы төмен. Сондықтан ашылмай тұрған шығар. Ал былай интернет бар. Материалдық база да – бәрі бар. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда қаржы қарастырылмай жатыр", – дейді колледжінің директоры Рустембек Бәкіров.

Мониторниг тобы одан әрі Қаскелең мәдениет колледжіне де аялдады. Мұндағы студенттер үйі 55 жыл бұрын салынған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алайда 70 орынға шақталған жатақхана төсектері төрт аяғын зорға тіреп тұр. Төсеніштері де ескі, шұрық-тесік. Электр жүйесінде де қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Кей жері ашық. Көрпе-кешектің де күй-жайы мәз емес.


Оқи отырыңыз: ТЖД дерегінше, Алматыда 202 жатақхана бар. Ал 2Gis арқылы 253-ін табуға болады


"Студенттер лас төсеніштерді қолдануға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданған болатын. Өкінішке қарай жауап әлі күнге дейін жоқ", – деді депутат Әсел Заирова.

Айта кету керек, алдағы уақытта өңірдегі барлық орта арнайы оқу орындарындағы жатақханалар тексеріле бастайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары