Әлемде депрессияға шалдыққан науқастардың 3%-ы одан емделіп шығады. Бұл – таң қаларлық көрсеткіш, деп мәлімдеді дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың (WPA) суицидология секциясының мүшесі Всеволод Розанов.
Мұнымен қатар, ол ДДСҰ мен халықаралық деңгейдегі қауымдастықтардың коронавирус пандемиясы салдары үшін алаңдайтынын айтты.
"Болжамға сәйкес, пандемия кезінде халықаралық деңгейде психологиялық мәселелер алдыңғы қатарға шықты. Әрине, соматикалық проблемалар да маңызды. Бірақ индивидтік және қоғамдық деңгейде экономикалық, моральдық және психологиялық тұрғыдан күйреу денсаулыққа кері әсерін тигізді. Адамдар түрлі тәуекелге барып жатыр. Осы орайда, практикалық жұмыстар жүргізіп қана қоймай, ситуацияны бақылауда ұстауымыз керек", – деді Всеволод Розанов.
Сондай-ақ, суицидолог маман елде депрессия ауруының кеңінен таралып жатқанына тоқталып, соңғы кезде көрсеткіштердің жақсарып келе жатқанын айтты.
"Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, кең таралған психикалық аурулардың ішінде депрессия бар. Қазір Жер бетінде депрессияға шалдыққандардың шамамен 3%-ы одан емделіп шығып жатыр, бұл – таң қаларлық көрсеткіш. Депрессияға негізінен адамдар күйзелістің әсерінен шалдығады, оның ауыр түрлері де қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, мамандар оған жүйке жүйесі ауруы ретінде ғана емес, ағзаға тұтас әсер ететін кешенді ауру түрінде қарауда. Науқастар депрессияның белгілі бір симптомдарын айтқан кезде оны осы ауруға шалдықты деп айта алмаймыз. Бір шетінен адамдардың көңіл-күйін түсіріп, қорқытқым келмейді. Пандемия себебімен онсыз да қорқып отырғандар көп. Бар болғаны өзінен немесе жақындарынан белгілі бір симптомдарын байқаса, бірден алдын алу шараларын қолға алғанын қалаймын. Міндетті түрде маманға жүгіну емес, адамдар өзіне өзі де көмектесе алады", – деді Всеволод Розанов.
Әрі қарай маман депрессияға шалдыққан азаматтарға физикалық денсаулыққа көбірек көңіл бөліп, адамдармен көбірек араласуға кеңес берді. Сондай-ақ, оптимистік көзқарастың маңызды екеніне тоқталды.
"Қазір барлығымыз ауыр күйзелісті бастан өткеріп жатырмыз. Өзіміз, туыстарымыз немесе басқа жақындарымыз коронавируспен ауырып қалуы мүмкін деп қорқамыз. Ең бастысы – адам кез келген күйзелісті өткере алатынын білу. Әдетте күйзелістің бірінші кезеңінен өткен соң, қандай да бір жоспар құра бастайды. Оның үстіне ауыр түрлеріне дәрігерлер дәрі мен препараттар арқылы көмектесіп жатыр. Уақыт өте келе олардың түрі де көбеюде және жақсы әсері мол. Біз депрессиямен өз бетімізше күресе алатынымызды түсінуіміз керек: салауатты өмір салтын ұстану, физикалық және әлеуметтік белсенділік, басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу. Барлығының жақсылықпен аяқталатынына сену мен оптимистік көзқарас – депрессиядан емделуге көмектесетін бірден бір факторлар", – деді маман.