Қырғызстан президентінің тапсырмасы бойынша ресми Бішкек Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Жогорку Кенеш отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Акылбек Жапаров мәлімдеді, деп хабарлады 24.kg.
Оның айтуынша, Қазақстан Бішкек қаласындағы жылу-электр орталығында болған апаттан кейін көмек қолын созған.
"Олар (Қазақстан – автор) көмек сұрамаса да, біз гуманитарлық көмек жөнелтеміз. Бұл ретте мен Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанға алғыс білдіремін. Бұл елдер біз көмек сұрамаған кезде де бізге қол ұшын созып, жәрдемге келді", – деп атап өтті Акылбек Жапаров.
Оның сөзінше, қазір Қырғызстан президентінің тапсырмасына сәйкес, көмек керуені дайындалып жатыр. Оған жауапты орган – елдің Төтенше жағдайлар министрлігі. Қазақстанға тек Қырғызстанда өндірілген отандық өнімдер жіберілмек.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстан облысында қарғын су 552 тұрғын үй мен 427 саяжай теліміне зиян келтірген