Тікелей эфир

Су тасқыны: Үкімет үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты қадағалап отыр

Су тасқыны салдарынан барлығы 19 342 жылжымайтын мүлік зақымданды.

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдері тыңдалды. 

Елімізде су тасқыны салдарынан қалпына келтіруге келмейтін барлық үй бойынша құрылыс және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқыны салдарынан барлығы 19 342 жылжымайтын мүлік (жалғыз баспана болып саналатын үйлер мен саяжайлар) зақымданды, оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр СҚО-да 200, Павлодар облысында бес жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар жуырда Қостанай облысында 22 үй тапсырылады. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шара қабылданғаны баса айтылды.

Әкімдіктер қажет қаржымен толық қамтамасыз етілді, барлық кемшілік жойылды, салынып жатқан үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылық бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен.

Үкімет басшысы әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техника жұмылдыруды тапсырып, президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды. Бұл ретте премьер-министр құрылыс нормаларын бұзуға жол бермеу керектігін талап етті.

"Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблема туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді", – деп атап өткен Олжас Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика және көлік вице-министрлері жұмыс уақытының негізгі бөлігін барлық жұмыс аяқталғанға дейін өңірлерде, тікелей құрылыс алаңдарында өткізеді.

Жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 миллиард теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 миллиард теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары