Шу ауданының Көкқайнар ауылында күрес пен боксқа арналған заманауи спорт залы пайдалануға берілді. Әлеуметтік жоба бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлайды "Қазақмыс".
Жаңа спорт кешені "Қазақмыс" Тобының әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумы аясында салынған. Жалпы ауданы 481,6 шаршы метрді құрайтын бір қабатты нысан бүгінде жас спортшыларды қабылдауға толық дайын.
"Спорт кешені қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған. Мұнда бір ауысымда шамамен 30 бала мен жасөспірім жаттыға алады. Ал күрес және бокс залдарының әрқайсысында бір мезетте 15 адамға дейін спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар. Нысан ішінде жаттығу залдарынан бөлек киім ауыстыратын бөлмелер, жуыну орындары, санитарлық тораптар және жаттықтырушыларға арналған кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар келушілерге арналған автотұрақ пен ашық аспан астында жаттығуға арналған арнайы алаң салынған", – делінген хабарламада.
Жобаны іске асыруға жалпы көлемі 268,5 миллион теңге инвестиция тартылды. Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындары үшін сапалы спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, болашақ чемпиондарды даярлауға мүмкіндік береді деп күтіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай нысандар жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік жылы: Қазақмыс аса қауіпті тәуекелдер бойынша науқандар сериясын іске қосты