USD: 487.9 / 490.5
  • EUR: 564.0 / 569.0
  • RUB: 6.57 / 6.69
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

СҚО-да жайылым тапшылығынан тарыққан қос ауылдың тұрғындары наразылыққа шықты

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Қос ауылдың жұрты негізінен төрт түліктің еті мен сүтін сатып күн көріп отыр.

Еліміздің солтүстік өңіріндегі Бескөл және Прибрежный ауылдарының тұрғындары жайылым жердің тапшылығына байланысты әкімдік ғимаратының алдында наразылық білдірді. Мал бағатын өріс таппай тарыққан халық жер телімдерінің кәсіпкерлерге заңсыз жалға беріліп кеткенін алға тартады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Аталған қос ауылдың жұрты негізінен төрт түліктің еті мен сүтін сатып күн көріп отыр. Десе де, кейінгі жылдары табыстан бұрын шығын еселеп артқан. Жайылымның тарлығынан ірі қара мен уақ мал жаз айларынан бастап-ақ көтерем болып, арық малды ешбір сатып алушы менсінбейтін көрінеді.

"Бізде, Прибрежныйда екі табын болған. Бір табында 400-ден астам, екіншісінде 200-ден астам мал бар еді. Сол кезде жайылым бүкіліне жететін. Қазір жетпейді, жайылым жер жоқ. Бір кішкентай жерге Бескөл мен Прибрежный ауылдарының бүкіл малын тығып ұстап отыр. Ол кімге жетеді? Малды тақыр жерде бағып жүр", – деп мәлімдеді Прибрежный ауылының тұрғыны Мырзабек Қолқашев.

Тұрғындардың уәжіне сүйенсек, жылдар бойы халықтың игілігінде болған гектар-гектар құйқалы жерді бүгінде кәсіпкерлер жалға алып, иелене бастаған. Алайда ауылдықтар қорасында бірде-бір тұяғы жоқ азаматтардың бұл телімдерді қалайша оңай қолға түсіргенін түсіне алмай дал. Себебі, қолданыстағы заңнама бойынша, малы жоқ тұлғаларға шабындық жер берілмеуі тиіс.


Оқи отырыңыз: Қызылордада апаттан сал болған егінші депутат өтемақы төлемей отыр деп шағымданды


"Ең басында әдейі несие алып, мал санын көбейтеміз деген ниетпен алдық қой. Оның несиесін төлеп жатырмыз. Оны қазір сатып жібергеннің өзінде несиені жабамыз да отырамыз. Сосын тағы да күніміз малмен болып отыр. Мен өзім жұмыс істемеймін. Малымызды семіртіп, соғым қылып сатамыз. Күн көріп отырмыз", – деп түсіндірді Бескөл ауылының тұрғыны Айдын Смайылов.

Ұзақ уақыт бойы шешімін таппай созылып келе жатқан мәселені аудан басшысының назарына ұсыну үшін халық әкімдікте үш сағат күтті. Бірақ шенеунік көпшіліктің алдына шықпады. 

"Қазіргі таңда бос жатқан жер жоқ, сондықтан дәл қазір бере алмаймыз. Басқа ауылдық округтерде жер бар, конкурсқа қатысуға болады. Егер жерді Бескөлдің өзінен алғыңыз келсе, онда оны мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу қажет болады. Бірақ оған жердің шынымен қажет екенін дәлелдейтін негіздеме керек", – деп қысқа қайырды Қызылжар ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Аспанов.

Жергілікті билік өкілдері жайылым тапшы болса, малды ауылдан 50 шақырым ұзаққа апарып бағуды ұсынған. Алайда бұл кеңесті халық қисынсыз әрі ақылға сыймайтын шара деп есептейді. Әкімдіктен қайран болмаған соң, екі елді мекеннің ашынған тұрғындары енді бұл жанайқайын облыс әкіміне тікелей жеткізуге бекініп отыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз