Тікелей эфир

Спортшылардан коронавирус анықталып жатыр. Токио олимпиадасы биыл да өтпеуі мүмкін бе?

Қазақстандық делегация құрамында вирус жұқтырғандар тіркелмеген.

Токиодағы Олимпиада ойындары өткізілмей қалуы мүмкін. Бұл туралы ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Мут мәлімдеді. Өйткені, спорттық ойындарға қатысушылардың арасында 24 сағаттың ішінде 10 адамнан Covid-19 анықталған, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Осылайша, 1 шілдеден бастап олимпиадалық ойындарды өткізуге қатысы бар 81 адамда вирус тіркелді. Оның ішінде спортшылар да бар. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін ойындарға қатысушылар карантиндік шаралар қатаң сақталған олимпиада қалашығында жатады. Өзге елден келген команда мүшелеріне бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, тіпті, қоғамдық көлікке мінуге де тыйым салынған.

Сондай-ақ ойындарға қатысатын барлық делегаттар мен спортшылар күнде ПТР тест тапсыруға міндеттелген. Қазақстаннан олимпиадалық ойындарға 96 споршы аттанды.

"Қазақстандық құрамада бәрінің денсаулығы жақсы. Біздің спортшы құрамамен келген дәрігерлер өз жұмысын жақсы деңгейде атқарып жатыр. Қазір бізде Covid-19 жұқтырғандар жоқ", – деді Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Серіктестер жаңалықтары