Тікелей эфир

Спорт журналисі: Қазақстанның ішкі футбол чемпионатының деңгейі төмен

Бек Төлеуов ел футболының дамуына кедергі келтіріп тұрған бірнеше себепті атады.

31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының эфирінде қойылған сауалдарға жауап берген спорт журналисі Бек Төлеуовтың айтуынша, Қазақстан УЕФА құрамында қала бергені жөн.

"Қазақстан 1992 жылдан 2002 жылға дейін Азия құрылығында болса, соңғы 19 жыл Еуропада. Уақыт жоғалтып, құрылық ауыстырудың қажеті жоқ. Ол мәселені шешпейді. Футболдағы әрбір жеңілістен кейін қайтадан Азияны аңсау меніңше дұрыс емес. Футбол негізінен Еуропада дамып жатыр, сондықтан, УЕФА-да қала берген дұрыс деп есептеймін", – деді Бек Төлеуов.

Сондай-ақ, ол ел футболының дамуына кедергі келтіріп тұрған бірнеше себепті атады.

"Біріншіден, балалар мен жасөспірімдер футболы қалыптаспаған. Екіншіден, инфрақұрылым жоқ. Яғни, стадиондар жоқ, алаңдар дұрыс емес, біздің футболшылар жасанды алаңдарда ойнайды. Үшіншіден, біздегі ішкі чемпионаттың деңгейі төмен. Оған қоса, төрешілердің әділетсіздігі бар. Ал ең бастысы – жемқорлық пен мемлекеттік қаржының көптігі", – деп атап өтті спорт журналисі.

Оның сөзінше, футболды дамыту үшін мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту керек.

"Рас, әділетсіз әрі жемқорлық жайлаған футболға миллионерлер қаржы салмайтыны анық. Сондықтан шағын кәсіпкерлерден бастаған жөн. Бірақ, қалайда мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту керек", – деді Бек Төлеуов.

Серіктестер жаңалықтары