Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау уақыты белгіленді. Бұл туралы "Сот кабинетінің" деректерінде жазылған.
Алдын ала тыңдау дүйсенбі, 11 наурызда өтеді. Бұған дейін жазғанымыздай, істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева қарайды.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы – "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, заңсыз қасақана бөтен адамның өліміне әкеп соғу";
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы – "Кінәліге материалдық жағынан тәуелді адамға жасалған жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы дене және психикалық зардап келтіру".
Оқи отырыңыз: Жұбайын өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Бишімбаев 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Салтанат Нүкенованың туыстары соттың ашық өтуін және оған БАҚ өкілдерінің қатысуын жақтайды. Ал Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева сотталушыны ақтау үшін істегі фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді.