"Соқыр махаббат". Денис Тен сценариін жазып қалдырған фильм

Фильмнің ре­жиссері – Венеция кино­фести­валінің жеңімпазы Чак Че.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің сценариі бойынша түсірілген "Соқыр махаббат" фильмі бүгіннен бастап прокатқа шықты. Картинаның бас продюсері Тимур Бекмамбетов атануы бекер емес.

2018 жылы Денис Тен қайғылы қаза алдында Тимур Бекмамбетовтың кинокомпаниясы өткізген Screenlife Contest байқауына сценарий жіберіп, режиссер алдында жобасын қорғаған еді. Спортшы көз жұмғаннан кейін Тимур Бекмамбетов міндетті түрде Денис Теннің идеясын жүзеге асырып, фильм түсіретінін мәлімдеді. 

"Дениске питчингке қатыс деп идея айттым. Ол ойланып қалған еді. Кейіннен жасырын түрде өтініш берді. Мәскеуде өткен питчингке қатысты. Әлем­нің түкпір-түкпірінен 250-ден астам өтінім түскен халықаралық байқауда Денис жеңімпаз атанды. Қайғылы оқиғадан бір ай бұрын түсірі­лімді Лос-Анджелестен бастаймыз деп жоспарлаған едік. Кейін Денистің анасымен бірге сценарийдін өзгертпей түсіреміз деп шеш­тік", – деді спортшының досы, атқарушы продюсер Игорь Цай.

Түсірілім жұмыстары 2019 жылдың басында АҚШ-та бас­талып, үш айға созылған. Ре­жиссері – Венеция кино­фести­валінің жеңімпазы Чак Че. Халықаралық фильмді түсіруге қазақстандық мамандар да атсалысты.

"Монтаж ұзақ болды. Фильмді авторсыз түсіру өте қиын. Оның не айтқысы келгенін түсіну үшін Денис жіберген хабарламаларды оқып, аудиоларды тыңдауға тура келді. Карантин деп фильмді кейінге шегере бердік. Кейіннен мұны көрерменге қалай ұсынамыз деп ойладық. Соңында прокатты Қазақстаннан бастаймыз деп шештік", – деді Игорь Цай.

Денис Теннің анасы Оксана Тен баласының сценарий байқауына қатысқанын қайғылы оқиғадан кейін ғана білген.

"Бұл мен үшін тосынсый болды. Денистің бұл іске де білек сыбана кірісіп кететіне дайын болғанын түсіндім. Дебютант әрі кәсіби емес сценарист бола тұра байқауда жеңіске жеткені мен үшін күтпеген оқиға болды. Мұны үлкен сый, үлкен қуаныш санаймын", – деді Оксана Тен.

Фильм screenlife форматында түсірілген. Бұл дегеніміз барлық оқиға компьютер не телефон экранында өтеді. "Соқыр махаббат" интернетте танысқан соқыр жігіт пен керең әрі мылқау бойжеткеннің махаббат оқиғасын баяндайды. Олар күн сайын онлайн сөйлесіп жүріп бір-біріне ғашық болады. Бірақ өздерінің "кемшіліктерін" қалай айтарын білмей дал болады. 

"Халықаралық команданың бір бөлігіне айналғаныма, осындай талантты, ұлы спортшы Денис Теннің көзқарасын шындыққа айналдырғаныма қуаныштымын. Сценарийді алғаш оқығанымда жүрегімді қозғады. Түсірілім кезіне жалғыздық сезімі бойымнан кетпеді. Денис Тен өзін дәл солай сезінді деп ойлаймын. Мұны фильмде жеткізе алдық деп үміттенемін", – деді оңтүстіккореялық режиссёр Чак Че.

Чак Чені корей киносына тән драматизмді жеткізу үшін таңдаған. Команда Денис Теннің сценариін еш түземеген. Картина ұзақтығы – бар-жоғы 32 минут. Соның өзінде фильмнен Денистің көзқарасын көріп, өлең шумақтарын оқып, музыкасын тыңдауға болады.

Денис Тен 2018 жылы 25 жасында көз жұмды. Ол Сочи Олимпиадасында қола медаль алды. Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары