Тікелей эфир

Солтүстік Қазақстанда нан бағасы 200 теңгеге жетті

Өндірушілер қымбатшылықты жанар-жағармай және шикізат құнының өсуімен байланыстырады.

Солтүстік Қазақстан облысында ұнның бағасы бірден 20% өсті. Соның салдарынан нан мен кондитерлік өнімдердің де құны шарықтап бара жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Петропавлда ет пен майдан қалыспай нанның бағасы да қымбаттап барады. Қазір дүкен сөрелерінде ас атасының құны 150 теңгеден басталып, 200 теңгеге дейін жетеді. Жаңа жылдан бастап теріскейде ұн бағасы бірден 20% өскен. Қазір базарларда 50 келілік бірінші сұрыпты ұнның құны 10 мың теңге тұрады. Наубайхана басшылары бағаны көтермесе – шығынға бататындарын айтты. Жанар-жағармай мен шикізат құны шарықтап барады.

"Бұл мәселе ұн бағасының өсуіне байланысты болды. Шикізат пен ашытқы, маргарин, май қымбаттады. Жұмысшыларға да жалақы төлеу керек. Шығынға ұшырамау үшін аздап көтеруге мәжбүр болдық", – деді наубайхана басшысы Сара Төлебаева.

Былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз көтерген 6 кәсіпкер анықталып, олар қомақты айыппұл арқалаған болатын. Статистика мамандары кондитерлік өнімдердің құны да өскенін айтты.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда нан бір жылда 9% қымбаттады. Ең арзан баға Батыс Қазақстанда тіркелген


"Карамель 14,5%, шоколад 10,3%, шоколадпен көмкерілген кәмпиттер 8%, джем мен бал бағасы жыл бойына 29,6% өсті. Тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 15,7% қымбаттады. Аймақтық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тексеріс жүргізетіндерін айтты, бірақ ол үшін тұрғын жазбаша шағым түсіру керек", – деді СҚО Статистика департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.

Серіктестер жаңалықтары