Қызылжар ауданы Соколовка ауылының тұрғыны Владимир Медведев елдімекендегі азық-түлік дүкенінен кондитерлік өнім сатып алған. Тортты кесіп жатқанда оның ішінен адамның азу тісі шыққан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жағдайға таңғалған Владимир тіпті оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Кейін тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне шағым түсірген.
Компания өкілдері мәселені жылы жабуды сұрап, тұрғынға моральдық өтемақы ұсынғанымен, кәсіпкер тарапынан "менен ақша бопсалады" деп полицияға арыз түскен.
Петропавл қаласы полиция басқармасы өкілдері тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, нәтижесі кейін хабарланатын болады", – деді полиция басқармасы бөлімінің бастығы орынбасары Махаббат Әбжанова.