Тікелей эфир

Солтүстік Қазақстан облысында екі қылмысқа күдікті азамат өзі қазған жерге жасырынған

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды.

Солтүстік Қазақстан облысында екі қылмысқа күдікті тұрғын өз қолымен қазған жеркепеде жасырынған, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Солтүстік Қазақстан облысындағы М. Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне мал ұрланғаны туралы арыз келіп түсті. Белгісіз адам ауыл тұрғынының жылқысын ұрлап әкеткен. Қорадағы жануармен бірге ер-тоқым, жүген мен киіп жүрген пимасын да алып кеткен", – делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер мен жылқының иесі қар үстіндегі ізге түсіп, 30 шақырымдай жүрді. Іздер Булаево – Молодогвардейское автожолына жақын жердегі орман ішіне алып барды.

Полиция қызметкерлері қалың бұталардың арасында қазылған жерге үстін жауып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған жеркепені байқады. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін кесіп жатқан жерінде ұсталды.

Алдын ала болжам бойынша полицейлер күдіктінің осы қылмысты жасағанын білген.

"Бұл азамат бұрын пәтер ұрлығы үшін сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығы шектелген, бірақ пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кетіп, бой тасалаған. Дәл осы адам ұрланған жылқының иесінде бұрын жұмыс істеген, қора-қопсының орналасқан жерін және қандай жылқылардың үйретілгенін жақсы білген. Жоғалған пима қылмыскердің адамдардан жасырынып жүргенін байқатты", – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов. 

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Ол мал және пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен ұсталды. Анықталғандай, пәтер ұрлығын сот үкімі шыққаннан кейін жасырынған күні жасаған. Сонымен қатар ол пробациялық бақылау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары