Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі Буяр Османиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент Буяр Османиге ілтипат білдіре отырып, оның ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанға сапары маңызды екенін атап өтті.
"Сіздің сапарыңыздың біз үшін маңызы зор. Мен еліміздің осы ұйымға мүше сенімді мемлекет ретінде ЕҚЫҰ-ны қолдайтынын айрықша атап өткім келеді. Ұйымдағы пікірлер қайшылығына қарамастан, ЕҚЫҰ – баламасы жоқ ұйым. Сондықтан біз оның әлеуетіне қолдау білдіруге күш салуымыз керек. 2025 жылы Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өту аясында ЕҚЫҰ-ның өзара диалогқа арналған бірегей платформа ретінде қызмететуін жалғастыруына қамтамасыз ету өте маңызды. Еліміздің ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастығы, 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында бекітілгендей, қауіпсіз қоғамдастық құру туралы ортақ көзқарасқа негізделеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қарым-қатынасты нығайту перспективаларына айрықша тоқталды.
"Екіжақты қарым-қатынасымызда ешқандай мәселе жоқ. Біз ынтымақтастығымызды кеңейту тұрғысынан елеулі нәтижеге жеттік. Еліңізді Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз және біз Скопьеде өз елшілігімізді ашу жөнінде шешім қабылдадық", – деді Президент.