ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарына берген жауабында орманшылардың жалақысы неге кешігіп жатқанын түсіндірді.
Еске салайық, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметінің қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 100 пайызға дейін өскен болатын. Сәйкесінше, орманды қорғау жөніндегі инспектордың орташа жалақысы 141 мыңнан 276,7 мың теңгеге дейін, орманшылық басшысының орташа жалақысы 181 мыңнан 357 мың теңгеге дейін, басшы құрамның жалақысы 198 мыңнан 361 мың теңгеге дейін артты. Алайда, көптеген өңірде орман қызметкерлері өсімақы алмағанын айтып, бұл мәселе Мәжіліс мінберінде көтерілген болатын.
Роман Склярдың сөзінше, қосымша төлемді жүзеге асыру үшін 2024 жылға 7,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген, сондай-ақ түзету шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін қосымша 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.
"Дегенмен, елдегі су тасқыны жағдайына байланысты қосымша қаражат бөлінбеді. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп басқа бағыттар бойынша қайта бөлу және үнемдеу шеңберінде жергілікті бюджеттер есебінен қалған соманы бөлу мәселесін пысықтады. Осылайша биылдың соңына дейін орман мекемелерінің қызметкерлеріне көзделген үстемеақылар толық көлемде төленеді", – деді үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Оқи отырыңыз: Депутат орман саласы мамандарын Түркия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде оқытуды ұсынды