Қазақстанда жаздың соңғы айы тұрақсыз ауа райымен басталады, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК синоптиктері.
Республика аумағы арқылы атмосфералық фронттар өтуін жалғастырады. Олар найзағайлы жаңбыр, бұрқасын жел мен бұршақ әкеледі. Елдің оңтүстік өңірлерінде шаңды дауылдар, сонымен қатар республика бойынша температураның күрт ауытқуы күтіледі.
Синоптиктердің мәліметінше, тамыз айы Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райымен басталады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республика бойынша найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста, орталықта, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысы мен шығысының таулы аймақтарында күшті жаңбыр, бұршақ, бұрқасын, желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болжанып отыр.
Республиканың батысы мен оңтүстік-батысында түнгі ауа температурасы +18…+28 °С-тан +13…+20°С-қа дейін, күндізгі ауа температурасы қатты ыстық +33…+41 °С-тан +25…+33 °С-қа дейін төмендейді.
Қазақстанның солтүстік-батысында түнгі ауа температурасы +7…+20 °С-тан +13…+28 °С-қа дейін жоғарылайды, күндіз +21…+35 °С-тан +27…+38°С аралығында құбылады. Елдің солтүстігі, орталығы және шығысында түнгі ауа температурасы +5…+13 °С-тан +12…+20 °С-қа дейін, күндіз +15…+22 °С-тан +25…+35°С-қа дейін өзгереді. Елдің оңтүстік өңірлерінде түнгі ауа температурасы +10…+17°С-тан +18…+25°С-қа дейін, күндіз +28…+38 °С-тан қатты ыстық +33…+40°С-қа дейін жоғарылайды.
Тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде "температуралық ауытқулар" болады – ыстық күндер салқын әрі жаңбырлы күндермен алмасады. Батыс өңірлерде түнде +11…+17 °С, күндіз +21…+27 °С, кей күндері түнгі ауа температурасы +18…+26°С-қа, күндіз +28…+35°С-қа, Маңғыстау облысында +40°С-қа дейін жоғарылайды. Солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі ауа температурасы +4…+10°С-тан +12…+18°С-қа дейін, күндіз +16…+23°С-тан +24…+32°С аралығында құбылады. Орталық пен оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде +6…+13°С-тан +15…+20°С-қа дейін, күндіз +19…+28 °С-тан +28…+36 °С-қа дейін өзгереді. Республиканың оңтүстігінде кей күндері күндізгі ауа температурасы +33…+42 °С-қа дейін көтеріледі.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63