Сыртқы істер министрлігі Таиландта суға батып кете жаздаған Қазақстан азаматына қатысты мәлімдеме жасады.
"Отандасымыздың жағдайы ауыр, қазір комада жатыр. Жергілікті биліктердің ескертуіне және тыйым салуына қарамастан ол теңізге түсіп, көп су жұтып қойды. Соңғы күндері Пхукетте қатты толқындар көтеріліп, жағалауға қызыл жалаулар шығарылған. Біздің азаматтың денесін судан шығарғаннан кейін құтқарушылар оған жасанды тыныс жасап, дәрігерлерге тапсырды. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем алып жатыр", – делінген хабаралмада.
СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан азаматын Таиландтан елге санавиация ұшағымен тасымалдау үшін қазақстандық дәрігерлер консилиумының қорытындысы қажет. Ол тай дәрігерлерінің медициналық шешімі негізінде жасалады.
Қазіргі таңда консул бұл мәселемен айналысып жатыр. Құтқарылған жігіттің ата-анасы Пхукетке ұшып келіп, дипломаттармен бірге дәрігерлермен келіссөздер жүргіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі Таиландта демалып жатқан ҚР азаматтарын жергілікті билік органдарының ережелері мен талаптарын сақтауға шақырады және метеорологиялық шектеулер кезінде теңізге түспеуді ескертеді. Өкінішке қарай, Таиландта дәл осындай оқиға соңғы аптада екінші рет орын алып отыр.