Тікелей эфир

Шілде айында тұрмыстық жанжалға қатысты 10 мың шағым түсті

Әйелін қайта-қайта ұрып-соққандар 25 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай, тәртіп сақшылары арыз түспестен іс қозғай алады. Сондай-ақ, тараптарға бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Хабар 24 жазды.

Шілденің басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы күшейді. Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай полиция арызды күтпестен істі тергей алады.

"1 шілдеден бастап аудан бойынша 300-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын арыз түспеген жағдайда шара қолдана алмайтынбыз. Қазіргі уақытта бізге хабарлама түскен кезде оқиға орнына барып, факт дәлелденген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартамыз", – деді Астана қаласы Алматы ауданы жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Сәрсенбаев.

Қазақстанда шілде айында тұрмыстық жанжалға қатысты 10 мың шағым түскен. Оның 92%-ы айыпты деп танылып, жауапқа тартылды. 5-10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғандар да бар. Әйеліне қайта қол көтергендер 25 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.

"Біз өз тарапымыздан заңгерлік кеңес береміз. Бұл отбасы үшін өте қажет. Сондай-ақ, психологиялық жәрдем көрсетіледі. Отбасылар кейде өздері келеді, кей кезде полиция арқылы көмегімізге жүгінеді. Біз олармен меморандумға отырдық", – деді қоғамдық қор директоры Роза Бекешева.

Елде қоғамдық ұйымдармен байланыс орнату мәдениеті қалыптаспаған. Отбасы мүшелері сырын ашып, көмек сұраудан тартынады. Бір айда 35 адам ғана псхологиялық тренингтен өтуге келісім берген. 


Оқи отырыңыз: Әйелін соққыға жыққан адамға қылмыстық іс қозғала ма?


 

Серіктестер жаңалықтары