Тікелей эфир

"Шымкент жастары" бағдарламасымен пәтер алған мыңдаған отбасы далада қалуы мүмкін

Шарасыз күйге түскен жас отбасылар тұрып жатқан баспананы ипотекаға беруді сұрайды

"Шымкент жастары" бағдарламасымен пәтер алған мыңдаған отбасы жарты жылдан кейін далада қалуы мүмкін. Жалға берілген үйдің мерзімі аяқталады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мемлекеттен бір рет көмек алған мамандарға екінші рет қолдау көрсетілмейді. Шарасыз күйге түскен жас отбасылар тұрып жатқан баспананы ипотекаға беруді сұрайды, алайда әкімдіктің айтар өз уәжі бар.

Бұл – 4 жыл бұрын "Шымкент жастары" бағдарламасымен баспаналы болған жастар. Олардың көбі бағдарламаға қатыспас бұрын үй кезегінде тұрғандарын айтады. Сатып алу құқығынсыз пәтер берілетінін біліп, кезек келгенше мемлекеттің осы көмегін көргісі келген. Уақытша үй аламыз деп, баспана алу мүмкіндігінен мүлдем қағылғандарын айтып, қынжылады.

"Біздің кезектен алып тастайтынын білген жоқпыз. Бізге содан кейін үй кезегінен алынып тасталғанымыз туралы смс-хабарлама келе бастады. Көпбалалы ана болсаң да қайтадан үйдің кезегіне тұра алмайсың екен. Менің 5 балам бар. 7 баласы бар көршілерім бар. Ертең тағы үй іздеп жүретін боламыз",  – деді Шымкент қаласының тұрғыны Балжан Шаманова.

Жастар жаңа үйге қоныстанғанда коранавирус пандемиясы басталып, карантинге тап болған. Сөйтіп, өз үйлеріне ақша жинамақ түгілі, күн көрудің өзі қиындаған. Енді ғана ес жиғанда,  пәтерді жалға беру мерзімі аяқталуға жақындаған. Осыны айтқан жастар пәтерді өздеріне несиеге беруін сұрайды.

"Заң бойынша үйді босатуымыз керек, бірақ олар біздің кезегімізді алып қойғанын, не болмаса біз қайта кезекке тұра алмайтынымызды ескертпеді. «Отау» бағдарламасына қатыса алатынымызды айтқан, бірақ оған бұл жердегі 90 пайыз жастар қатыса алмайды. Біздің айлық көрсеткішіміз аз. Барлығымыз мемлекеттік жұмыста істейтін адамдармыз. Сосын декретте отырған аналар өте көп", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Әсел Бакебавева.


Оқи отырыңыз: 2024 жылды жастар қалай жаңа үйде қарсы ала алады? Ипотекалық бағдарламаларға шолу


Қаланың тұрғын үй басқармасының өкілдері министрліктен келген бұйрықтың бір ғана жері өзгергенін айттыі. Бұған дейін уақытша үй 5 жылға берілсе, биылдан бастап 3 жылға қысқарған. Үйді келісім-шартқа отырған азаматтарға қалдыру қарастырылмаған.

"Бұл тұрғын үйлерді беру ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы  №318 бұйрығы аясында жүргізілген болатын. Бұл тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз болып келген.  Ол бұйрыққа ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Сатып алу құқығы берілген жоқ", – деді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.

Айта кетейік, 4 жылдан бері Шымкентте үш мыңға жуық маманға сатып алу құқығынсыз үй берілген. Уақытша баспана кілтін алғашқы болып «Астана» шағын ауданындағылар алған. Енді олар айына 7000 мың теңге төлеп тұрған пәтерлерін 2025 жылдың қаңтарында қайтаруы тиіс. Осыған дейін мәжіліс депутаттары бұл мәселені талай мәрте көтеріп, жастарға жалдамалы баспананы сатып алуға мүмкіндік беру керектігін ұсынған болатын.

Серіктестер жаңалықтары