Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің мыңдаған отандасымыздың қандай жерде жұмыс істеп, қалай күнелтіп жатқанынан хабары жоқ, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Англияда маусымдық жұмыс істеп жүрген отандасымыздың бірі Мейрамбек Омарқұлов. 31 жастағы азамат бақша өнімдерін теру жұмысына жалданған. Мұнда қомақты табыс табуға келгенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда жеке кәсіппен айналысқанымен, күн көрісі қиындап кеткен.
"Мақсатым – ақша табу, Қазақстандағы несиелерімді жабу. Англиядағы табысым – 800-850 мың теңге. Тіл үйреніп, Америкаға кетсем бе деген мақсат бар", – деді Қазақстан азаматы Мейрамбек Омарқұлов.
Ол таңғы төртте күн ұясынан шықпай, жұмысқа кіріседі. Тіпті кез келген ауа райына қарамастан берілген тапсырманы орындауға міндетті.
Оқи отырыңыз: "Тұратын орын мен тамақ тегін". Қазақстандықтар неге шетелге көшуге бейім?
Соңғы мәлімет бойынша, шетелге кетіп, нәпақасын тауып жүрген қазақстандықтардың саны – 94 мың. Басым бөлігі – жұмысқа қабілетті жастар. Қазақстанда жұмысқа қабілетті 10 миллион азамат бар десек, көбінің шетелге кетуі ішкі тұтынуды да, салық базасының да төмендеуіне әкеп соғады.
"Жастардың шетелге барып, жұмыс істеп жатқаны біздің экономикамызға үлкен әсер етеді. Өзіміздің кәсіпорындарда кәсіби жұмыскерлер жетіспейді. Польшаға, Англияға барып бұлдірген тереді. Істеген жұмысына сай төлену керек", – деді экономист Нұрлан Жазылбеков.