Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр. Адвокаттар прокурорды ауыстыруды талап етті

Прокурор Дана Сәрсенбай. Фото сот отырысының трансляциясынан
Прокурор Дана Сәрсенбай. Фото сот отырысының трансляциясынан
Айыпталушылардың адвокаты прокурор Дана Сәрсенбайды ауыстыруды талап етті.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр. 

Сотта айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Адвокаттың сұрағына жауап берген ол алғашқы тергеу кезіндегі жауаптарымен келіспейтінін айтты.  Оның айтуынша, сол кезде оған қысым көрсетілген және дұрыс жауап бере алмаған. Әрі қарай айыпталушы "Қамажай" дүкеніне қашан және не мақсатта барғанын түсіндірді.

"Сол күні сағат 23:00 шамасында досымның көлігінен түсіп, "Қамажай" дүкеніне кірдім. Онда үш сыра алдым, сол жерде Қаржаубаймен таныстым. Мың теңге Kaspi-мен, мың теңге қолма-қол ақша бердім. 500 теңгені өзіме қайтарды. Дүкенге екінші рет келіп, телефонды қуаттағышқа қоюды өтіндім", – деді айыпталушы.

Дархан Әскентайдан осы кезде Шерзатпен өзара қандай кикілжің болғанын да түсіндіріп өтті. Сонымен қатар оқиға орнына телефонмен хабарласып кімді шақырғанын айтты.

"Мен сол күні телефонды беріп өтінгеннен кейін далаға шығып, сыраны енді ішейін деп тұрғанмын. Сол сәтте телефонымның музыкасы ойнады, соны алуға дүкенге кіріп бара жатқан кезде Қаржаубай телефонды Шерзатқа берді. Маған Шерзат телефонды берді, мен алып сөйлестім. Сосын телефон қарап тұрған кезде Шерзат "сен әкеме бірдеңе дедің ба, не дегің келіп тұр" деп ашуланды. Мен оған "жүр әкеңнен сұрайық, мен оған ештеңе демедім" деп түсіндіріп жаттым. Қарасам қолында кастет тұр екен, алды да оң көзімнен ұрып жіберді. Сол жерде бетімді ұстап тұрып қалдым. Сол сәтте Қаржаубай шықты, су алып, бетімді жуды. Сол кезде Қаржаубай Шерзатқа "не үшін ұрасың" деп айқайлап жатты. Екі бөтелке сырамды алдым да, көзім көрмей, жағдайым нашарлағаннан кейін Нұрбол досыма хабарластым. "Мені біреулер ұрып кетті, алып кете аласың ба" деп өтіндім. Ол келетінін айтты", – деді ол.

Дархан Әскентай Шерзаттың анасына балағат сөз айтқанын жоққа шығарды. Сонымен қатар сотталушының айтуынша, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов оған ешқандай көмек ұсынбаған.

Айыпталушылардың адвокаты прокурор Дана Сәрсенбайды ауыстыруды талап етті. 

Дархан Әскентайдың адвокаты прокурор Дана Сәрсенбайды дауыс көтеріп, бұрмалап сұрақ қойып жатыр, қысым көрсетіп жатыр деп отыр. Осыдан кейін бүкіл айыпталушылардың адвокаттары бір ауыздан прокурорды ауыстыруды сұрады. Олар прокурордың эмоцияға беріліп кеткенін айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай өткен сот отырысында айтқан "біз жәбірленуші жақпен бір жақпыз" деген сөзін алға тартып, істі обьективті қарауға кедергі жасайтынын мәлімдеді. Адвокаттардың сөзінше, бұл мемлекеттік айыптаушы айтатын сөз емес.

"Прокурор Сәрсенбай бізге мысқылдап отыр, іштей сөйлеп отыр. Мысқылдамасын, біздің де жағдайымыз оңай емес", – деді айыпталушы Дархан Әскентайдың әпкесі.

Сот отырысында прокурор Дана Сәрсенбай қорғаушылардың өзіне қатысты айтқан сөзге қатысты пікір айтты. 

"Менің эмоциялық жағдайым туралы айтып жатыр. Бірақ олар оны қайдан біледі? Мен онымен бірге тұрмаймын ғой", – деді прокурор.

Прокурор өтінішті негізсіз деп есептейтінін айтып, судьядан оны қанағаттандырмауды сұрады. Судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Кеңес бөлмесінен келген судья Ержан Жанұзақов прокурорды ауыстырудан бас тартты.

"ҚР қылмыстық кодексінің 87, 88 баптарында нақты қандай жағдайда мемлекеттік айыптаушы іске қатыса алмайтыны көрсетілген. Мұндай жағдайлар сотпен анықталған жоқ. Мемлекеттік айыптаушы Сәрсенбайдың бұл іске қандай да бір мүдделілігі, тікелей не жанама қатыстылығы анықталып отырған жоқ", – деді судья Ержан Жанұзақов.

Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан қаза болды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.

21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды.

Қылмыстық істің көлемі – 62 том.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары