Шерзат Полат ісі: сотталушы Азамат Тоқтаубаев жалған айғақ бергенін мойындады

Видео скрині
Видео скрині
Айыпталушының сөзіне қарағанда, кикілжің барысында Дархан Әскентайға ашулы болған.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталушы Азамат Тоқтаубаев өзімен бірге қамауға алынған Дархан Әскентайдың үстінен не себепті жалған айғақ бергенін айтты. 

Бүгінгі сот отырысында прокурор сотталушыдан тергеушіге берген жауаптан не себепті бас тартқанын сұрады. Сотталушы дүкеннің алдында Нұрқанатпен амандасқанын, жағдайдың мән-жайын білуге тырысқанын алға тартып, төбелеске бармағанын атап өтті.

Айыпталушының сөзіне қарағанда, кикілжің барысында Дархан Әскентайға ашулы болған. Сондықтан осы жағдай бойынша өтірік айғақ берген.

"Дархан жайлы қарама-қайшы жалған айғақ бердім. Себебі ол кезде Дарханға ашулы едім. Бізбен бірге жазаға тартылсын деп өзіммен бірге ала кеткім келді. Дарханның қатысы жоқ, ол ешкімді ұрмады, қолында ешқандай пышақ болған жоқ. Мен өтірік айғақ бердім, сол үшін қазір өкінемін", – деді Азамат Тоқтаубаев.

Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.

21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.

Серіктестер жаңалықтары