Шерзат Полат ісі: Айыпталушылар кінәсін мойындай ма?

Фото: Жоғары соттың баспасөз қызметі
Фото: Жоғары соттың баспасөз қызметі
Прокурор айыпталушылардан кінәсін мойындайтынын немесе мойындамайтынын сұрады.

Талдықорғанда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін, айыпталушылардан кінәсін мойындайтынын немесе мойындамайтынын сұрады.

Барлығы сот алдында тоғыз адам жауап беріп жатыр, олардың бірі – кәмелет жасына толмаған.

Айыпталушылардың жауаптары төмендегідей:

  • Абзал Шынасыл – кінәсін ішінара мойындады. Адам өлтіру бабы бойынша айыптаумен келіспейді.  
  • Равиль Сакиев – кінәсін толық мойындамайды.  
  • Шыңғыс Белгожаев – айыппен ішінара келіседі, Шерзатты пышақтың сабымен ұрмағанын айтады.  
  • Дархан Әскентай – кінәсін мойындамайды.  
  • Нұркияс Ильясов – кінәсін мойындамайды.  
  • Азамат Токтаубаев – кінәсін ішінара мойындады. Қолында пышақ болғанын жоққа шығарады. Ұрлық айыбымен де келіспейді, себебі "телефонды ұрлау мақсатында алған жоқпын" дейді.  
  • Нұрбол Токтаубаев – кінәсін ішінара мойындады. Ол да қолына қару алмағанын айтады.  
  • Дидар Қалиахмет – кінәсін толықтай мойындамайды.  
  • Кәмелетке толмаған айыпталушы – кінәсін толықтай мойындамайды.

А. Шынасыл мен Р. Сакиевке Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру"), 24-бабы  ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу"),  293-бабы ("Бұзақылық");  А. Тоқтаубаевқа 293-бабы (Бұзақылық"), 188-бабы ("Ұрлық"); Д. Әскентай, Ш. Белғожаев, Н. Ильясов, Н. Тоқтаубаев, Д. Қалиахметке 293-бабы ("бұзақылық"); кәмелетке толмаған Д. Ы-ға  434-бабы ("қылмыс туралы хабарламау") бойынша айып тағылды.

Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылдың 4 қазанында төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.

21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.

Серіктестер жаңалықтары