Сенаторлардың мақта саласын дамытуға арналған жеке заң қабылдау туралы ұсынысы қолдау таппады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Үкімет, сондай-ақ, мақта саласы бойынша тұрақтандыру қорын құру бойынша бастамаға да қарсы шықты.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарына жауап берді. Оған сәйкес, сенаторлардың ұсыныстары түгел дерлік Үкімет тарапынан қолдау таппады. 

Бірінші ұсыныс – мақта саласын дамытуға арналған жеке заң қабылдау туралы болатын. 

Бұл ретте үкімет басшысы Қазақстанда 2021 жылға дейін "Мақта саласын дамыту туралы" заң болғанын еске салды: мақта қолхаттары жүйесін және тиісті механизмдерді шамадан тыс реттеу, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын шектеулер қаржы институттары мен мақта өңдеу кәсіпорындары арасындағы өзара іс қимылдың бұзылуына әкеліп, саланың дамуына кері әсерін тигізді. 

"Осыған байланысты әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу ұйымдарының жұмыс істеу жағдайларын азайлату мақсатында аталған Заңның 2022 жылдан бастап күші жойылды деп тану туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта саланы реттеу "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заң және басқа да нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылуда. Осыны ескере отырып, қазіргі уақытта жеке мамандандырылған заңды қабылдау орынсыз деп санаймыз", – деді премьер-министр. 

Мақта шаруашылығы саласында тұрақтандыру қорын құру туралы ұсынысты да үкімет орынсыз деп тапты.  

"Тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу саясаты өңірлердің тұтыну нарығында азық-түлік қауіпсіздігін және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Басты міндет – бірінші кезекте қажетті әлеуметтік маңызы бар негізгі азық түлік тауарларына (нан, тұз, ет, май және тағы басқа) бағаның өсуіне жедел әрекет ету және олардың тапшылығына жол бермеу. 2 Мақта өнімі бірінші кезекте қажетті тауарлар қатарына жатпайтындықтан, оны сатып алу жөніндегі жеке тұрақтандыру қорын құру орынсыз деп есептейміз", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында. 

Серіктестер жаңалықтары