Кенші, металлург секілді зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген адамдарды 55 жастан зейнеткерлікке шығару тетіктері енгізіліп жатқан тұста сенатор Геннадий Шиповских теміржолшыларды да осы жастан зейнеткерлікке шығару керектігі туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында жұмысшылардың жалақы мәселесін де көтерді. Сондай-ақ, сенатор Көлік министрлігінің "Ең төменгі санаттағы мамандардың жалақысы өңірлерде 280-382 мың теңге аралығында" деген ақпаратын жоққа шығарды. Шындығы – "байланыс және белгі беру" мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде 200 000 теңге, Қызылордада 180 000 теңге, «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 000 теңге.
"Теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпоративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды, Теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламаларын құруды, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасауды сұраймыз. Депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз", – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Геннадий Шиповских.
Оқи отырыңыз: "Пойыз астына түсе ме деп уайымдаймыз". Қызылорда облысында теміржол өткелі қараусыз қалған.