Тікелей эфир

Семейде арық суы жер үйдің аулаларына кіріп жатыр

Фото: vlast.kz
Фото: vlast.kz
Бұл қаладағы бірнеше шағын аудан халқының бас ауруына айналған мәселе.

Семейде арық суы жер үйдің аулаларына кіріп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мұздың үстімен жайылып жатқан су тұрғындардың моншасы мен сарайына толып қалған. Ал жылда қайталанатын жайтты жауаптылар біле тұра қол қусырып отыр дейді жұрт. Шулаған халық су баспанамызға кіріп, дүние-мүлкіміз бүліне ме деп алаңдайды.

Любовь Мердешова өз ауласында тайып құлағанын айтады. Өйткені баспанасының алды мұз айдынына айналыпты. Жерасты суы тіпіт арықтардың арнасынан асып, сарай мен моншаны толтырды дейді келіншек.

"Арықты тазаламағанның салдарынан мұз қатып су үстінен жүріп өтті. Менің аулама кіріп кетті. Енді не моншаға түсе алмаймыз, не көмір қораға кіре алмаймыз. Мұзды ойып әбігерге түсеміз. Көмір аламын деп аяғымды қайырып алдым. Енді ақсаңдап жүрмін. Сындырсам кім менің еміме төлейді?", – дейді Семей қаласының тұрғыны Любовь Мердешова.

Бұл қаладағы бірнеше шағын аудан халқының бас ауруына айналған мәселе. Сол маңда көлшік бар. Оның суы тасып, арықтар арқылы көшелерге жайылады дейді көпшілік.

Қыстың аязында су мұз болып қатса, көктемде аяқ алып жүру мүмкін емес деп отыр. Ал әкімдіктегілер бұл жағдайдан хабардар. Арықты тазалау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, Семейде ұзындығы 60 шақырым болатын арық жүйесі бар. Оларды мердігер компания тазалайды. Арықтардың кей сағасы тұрғындардың ауласының ішінен өтеді. Сол себептен уақытылы тазаланбаса көтерілген жерасты суы аулаға жайылып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады дейді шенеуніктер.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары