Бүгінгі таңда Ресейдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 59 мыңнан астам студент оқиды, жыл сайын олардың саны артып келеді.
"Мен Томск мемлекеттік университетіне оқуға түстім, өйткені іргелі физикамен айналысуды қаладым, ал физика факультетінде менің қызығушылықтарыма сай келетін кванттық өріс теориясы кафедрасы бар. Менің қазіргі ғылыми жетекшім – ТМУ-дың бас ғылыми қызметкері, біздің кафедраның түлегі Сергей Владимирұлы Кетов. Біздің зерттеулеріміз ерте Ғалам физикасына: супергравитация шеңберіндегі космологиялық инфляцияға, алғашқы қара құрдымдардың түзілуіне, қараңғы материяға және гравитациялық толқындарға арналған", – деді "Теориялық физика" бағыты бойынша физика факультетінің 2-курс аспиранты Даниил Фроловский.

Неліктен Ресейде жоғары білім алу керек
Ресейдегі заманауи білім беру жүйесі ең өзекті бағыттар бойынша мықты білім негізін және жоғары біліктілікті алуға мүмкіндік береді. РФ-да оқу барысында-ақ университет жанындағы зертханаларда заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге, профильдік компанияларда тағылымдамадан өтуге болады.
Ресей мамандар даярлайтын әлемдегі ең ірі орталықтардың қатарына кіреді және білім экспортында әлем бойынша 7-орында тұр. Жыл сайын Ресейге 170-тен астам елден студенттер келеді.
Қазақстанның Ресеймен білім беру саласында тығыз ынтымақтастығы жолға қойылған. Ресей жоғары оқу орындарында оқу түлектерге Ресейде де, Қазақстанда да, сондай-ақ басқа елдерде де кең жұмыс мүмкіндіктерін ашады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей ғылым саласында стратегиялық әріптестер. Қазір Қазақстанда ресейлік ғалымдардың қатысуымен 200-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстаннан келетін студенттер көбіне мына бағыттар бойынша мамандықтарды меңгеру үшін келеді: инженерлік іс, қоғам туралы ғылымдар, педагогика, медицина, сондай-ақ математикалық және жаратылыстану ғылымдары.

Қазақстандық студенттер көбіне мына оқу орындарын таңдайды:
- Орынбор мемлекеттік медицина университеті;
- Новосібір мемлекеттік техникалық университеті;
- Томск ұлттық зерттеу мемлекеттік университеті;
- Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Орал федералды университеті;
- Томск басқару жүйелері және радиоэлектроника мемлекеттік университеті.
"Томск мемлекеттік университетінде шамамен 2500 қазақстандық студент оқиды. ТМУ Қазақстаннан абитуриенттерді квотамен қабылдау ісіне белсенді қатысады, бұл мемлекеттік бағдарлама аясында Россотрудничество арқылы жүзеге асырылады. Қазақстаннан келген студенттер – Томск мемлекеттік университетінің студенттік қауымдастығының ажырамас әрі өте жарқын бөлігі. Олардың университеттің академиялық, ғылыми және мәдени өміріне қосқан үлесі шынымен де айтарлықтай. Студенттер ТМУ-дың ғылыми зертханаларында белсенді жұмыс істейді, конференцияларда сөз сөйлейді, Томск университетінің жетекші профессорларымен бірлесіп ғылыми мақалалар жариялайды", – деді ТМУ-дың білім беру жөніндегі проректоры Евгений Луков.
Сонымен қатар, Ресейде 1 мыңнан астам жоғары оқу орны бар, сондықтан әркім өз талабына сай келетін университетті таба алады.

Ресей жоғары оқу орындарына қалай түсуге болады
Ресей жоғары оқу орындарына түсу үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Оқу ақылы да, тегін де болуы мүмкін. Тегін оқуға үш жағдайда түсуге болады. Бірінші – Ресей Федерациясы Үкіметінің квотасы бойынша. Іріктеу жыл сайын өткізіледі. Ол үшін Қазақстандағы (Астанадағы) Россотрудничество өкілдігіне жүгіну керек, онда сізге тиісті жоғары оқу орындарын таңдауға және өтінім беруге көмектеседі. 2025/26 оқу жылына арналған квотаға өтінімдер 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін қабылданады. Сондай-ақ өтінімді Education in Russia сайтында беруге болады. Бұдан кейін Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігі өткізетін іріктеудің бірінші кезеңінен өту қажет (тест тапсырмалары, аттестат конкурсы, жеке жетістіктерді есепке алу (қажет болған жағдайда), мотивацияны анықтау үшін сұхбат).
Ең беделді және бәсекелестігі жоғары ресейлік жоғары оқу орындарына тегін түсуге болатын тағы бір тәсіл – Ресей жоғары оқу орындарының немесе халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы немесе жүлдегері болу. Мысалы, OpenDoors немесе International Olympiad on Financial Security. Олимпиадалар туралы толық ақпаратты сізді қызықтыратын жоғары оқу орнының сайтынан білуге болады.
Сонымен қатар, Қазақстаннан келген студенттер Ресей студенттерімен тең құқықта оқуға түсе алады. Ол үшін университетті, бағытты таңдап, сайттан қажетті емтихандар тізімін білу қажет. Құжаттарды тапсырып, қабылдау емтихандарынан өтіп, содан кейін нәтижелер мен қабылдау туралы бұйрықты күту керек.

Ақылы түрде де оқуға болады. Ол үшін жоғары оқу орнын таңдап, құжаттарды өткізіп, емтихандарды тапсыру және сұхбаттан өту қажет. Емтихандар тізімі мен оқу бағасы университетке және таңдалған мамандыққа байланысты. Жоғары оқу орындары, оқу бағыттары және қабылдау ережелері туралы толығырақ studyinrussia.education сайтынан білуге болады.
Студенттік комьюнити және халықаралық перспективалар
Ресейде оқу – жайлы әрі қауіпсіз жағдайларда сапалы және заманауи білім алу мүмкіндігі. Онда әлемдік деңгейдегі кампустар белсенді түрде салынып жатыр, мұнда студенттер заманауи жабдықтарда жұмыс істей алады, жайлы аудиторияларда, коворкингтерде, кітапханаларда оқып, сабаққа дайындала алады, спортпен және шығармашылықпен айналысады.
Өмірді жарқын әрі қызықты өткізуге болады. Ресейде студенттік қауымдастық жақсы дамыған, әр жоғары оқу орнында қызығушылықтар бойынша комьюнити табылып, олардың жұмысына қатысуға болады.
Сонымен қатар, Ресейде оқу кампус ішіндегі сабақтар мен іс-шаралармен шектелмейді. Ресейде уақыт өткізуге арналған көптеген мүмкіндіктер бар. Әр қалада театрлар, музейлер, табиғи және мәдени көрнекіліктер, спорт нысандары бар. Көп саяхаттап, жаңа нәрселерді біліп, өзіңе ұнайтын іс табуға болады.

Даниил Фроловский оқуға енді ғана түспек болып жүрген жастарға былай деп ақыл-кеңес береді: "Мен абитуриенттерге энтузиазмды сақтап, белгісіздіктен қорықпауға кеңес бере аламын. ТМУ-да студенттер мен жас зерттеушілерді қолдаудың көптеген шаралары бар, олар олардың ғылымға көңіл бөлуіне және таңдаған бағытында дамуына мүмкіндік береді".
Ресейде оқуға бару мүмкіндігі әркімде бар, тек түсу тәсілін таңдап, дайындалу қажет. Ресей жоғары оқу орындары шетелдік студенттерді одан да көп қабылдауға ашық. Ресейдегі білім – таңдалған мамандық бойынша сапалы дайындық, халықаралық перспективалар және өмірлік бірегей тәжірибе. Ресейде оқу мүмкіндіктері туралы толығырақ studyinrussia.education сайтынан білуге болады.
USD:
521.3 / 523.9
EUR:
611.5 / 616.5
RUB:
6.45 / 6.57