Тікелей эфир

Саясат Нұрбек: Халық "Қазақстан-2050", "Ұлы дала" сияқты бағдарламаларды қабылдамады

Депутат аталған бағдарламаларды түзген кезде қарапайым халықтың пікірі ескерілмегенін айтты.

Соңғы 30 жылдағы супер президенттік модель саяси тепе-теңдікті бұзған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

"Елде "Қазақстан-2050", "Мәңгілік ел", "Ұлы дала", "Ұлы дала елі" тәрізді концепциялар, тұжырымдамалық құжаттар қабылданды. Бірақ, оны халық қабылдамады. Неге? Ол құжаттарды шағын ғана топ жазды. Мен ол адамдарды білемін. Сөз жоқ, мықты сарапшылар. Осы бірнеше адам мемлекеттік органдар, партиялардан ұсыныс жинап, бағдарлама жазды. Менің де бұл құжаттарға қатысым мен үлесім болды. Бірақ, ол кезде жас болғандықтан түсінген жоқпын. Бәрін енді ұғынып жатырмын", – деді Саясат Нұрбек.

Әрі қарай мәжіліс депутаты аталған құжаттарды халықтың неге қабылдамағанын түсіндірді.

"Халықтың, түрлі әлеуметтік топ, журналист, сарапшылардың қиялы бұл құжаттарда көрініс таппады. Арада ешқандай байланыс болмады. Сол себепті азаматтар "Мына кісілер бірдеңе жазды, енді бізді көндіруге тырысады. Бірақ мен оны қабыл алмаймын. Өйткені, ешқандай қатысым жоқ" деп айтады. Элита өз бетімен, халық өз бетімен болды", – деп қосты Саясат Нұрбек.

Мұнымен қатар, депутат Жаңа Қазақстан үшін саяси тепе-теңдіктің маңызды екенін айтып, супер президенттік жүйені сынға алды.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жаңа Қазақстан – бұл әділетті Қазақстан


"Менің жеке көзқарасым бойынша, Жаңа Қазақстан – ең алдымен, ашық, саяси тепе-теңдікті сақтаған, мықты саяси жүйе. Президент нақты саясат, саяси модельден бастап отыр. Өкінішке орай, осы 30 жылда қалыптасқан супер президенттік модель тепе-теңдікті бұзып жіберді. Мықты азаматтарға жеке идея, жоба, ниет және көзқарасын ашық түрде айтуға мүмкіндік берілмеді", – деді Саясат Нұрбек.

Серіктестер жаңалықтары