Тікелей эфир

Саясат Нұрбек Алматыдағы студенттерге арналған жатақханаларды тексерді

Ғылым және жоғары білім министрі барлық мұқтаж жанға жатақхана мен жеке хостелден орын беруді тапсырды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласына жұмыс сапары аясында студенттерге арналған жатақханалар мен оқу ғимараттарын аралап, алдағы оқу жылында білім алушылардың барлығына қажетті жағдай жасау керек екенін айтты.

Алдымен министр Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ахуалдық орталығының жұмысымен танысып, оқу ордасының инфрақұрылымдар жүйесінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Өз кезегінде министр барлық мұқтаж жанға жатақхана мен жеке хостелден орын беруді тапсырды.

"Университет жатақханалары студенттерді қабылдауға дайын, жақсы жұмыстар жасалған. Өз тарапымнан білім алушылардың барлығын дерлік жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді министр.

Келесі нысан – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жатақханалары. Министр білім ордасының медициналық орталығын, білім алушылардың демалыс орындар мен компьютерлік залдарын аралады.


Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақхана тапшылығы туралы: Биыл қолымыздан келгеннің барлығын жасадық


Өз сөзінде Саясат Нұрбек студенттердің жатақхамен қамтамасыз етілуінің маңыздылығын атап өтіп, ондағы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын тез арада бітуруді, қыздардың қауіпсіз және жайлылығы үшін жатақхананың сыртқы қоршауын толық қалпына келтіруді тапсырды.

Нархоз университетінің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру барысында оқу орнының президенті Мирас Дауленов министрге білім ордасының арсеналында үш жеке және төрт серіктес жатақханасы барын хабарлады. Жатақхананың әр қабатында асхана, кір жуатын бөлме, демалыс орындары бар. 

Сондай-ақ, Алматыда "Жастар Apartments" заманауи жатақхана ашылды. Бұл жаңа жатақханаға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жатақханаға мұқтаж білім алушы жастары орналастырылады.

"Елімізде жатақхана мәселесі өте өзекті. Алматы қаласында жатақханада орын тапшы. Осы мәселені шешу үшін екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, жеке меншік хостелдермен және қонақ үйлермен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісім арқылы қосымша 10 000-нан астам төсек-орын табылып отыр. Бүгінде қалада жер тапшылығы бар. Сондықтан екінші бағыт – қайта жөндеу. Яғни бизнесі құлдырап кеткен академиялық немесе жеке меншік ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жатақхана ретінде қайта жасақтап жатырмыз. Бүгінгі жатақхана осы екінші бағыт бойынша ашылып отыр", – деді Саясат Нұрбек.


Оқи отырыңыз: Әлеуметтік осал топ санатындағы студенттердің жатақхана шығынын мемлекет төлейді


Ғимаратта қайта жөндеу жұмыстары 2023 жылдың бірінші жартысында басталған. Жатақхананың ішкі сәулеті шетелдік көшбасшы университеттердің дизайны негізінде жасалды. Нысан тиісті талаптарға толық сәйкес келеді. Төрт қабаттан тұратын жатақханада асхана, демалыс бөлмелері, кір жууға және кептіруге арналған тұрмыстық бөлме, әр қабатта өз ас үйі мен оқу залдары қарастырылған. Сондай-ақ әр секцияға тоңазытқыш, заманауи душ кабиналары мен жаңадан жиһаздар қойылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Серіктестер жаңалықтары