Тікелей эфир

Саясат Нұрбек: Алматы хостеліндегі өрт салдарынан 2 студентімізден айырылып қалдық

Университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы хостеліндегі өртке қатысты пікір білдірді.

"Өздеріңізге мәлім, Бүгін түнде Алматы қаласында қайғылы оқиға орын алды. "Almaty Hostel" хостеліндегі болған өрт салдарынан 13 адам қайтыс болды. Өкінішке орай,  осы апатта 2 студентімізден айырылып қалдық. Олардың бірі, Каспий қоғамдық университетінде білім алса, екіншісі Еуразия технологиялық университетінің студенті. Қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Әрине, бұл орны толмас қайғы. Апаттың себебі мен салдары мұқият тексерілу үстінде және осыған байланысты тиісті шаралар қабылданатын болады", – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Ол тамыз айында өзінің бұйрығымен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілгенін айтты.

"Оған қоса, хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын біз ерекше назарға алдық және де хостелдерде құзырлы орындамен бірлесіп, санитарлық-тазалық жұмыстары мен өртке қарсы техникалық қауіпсіздікті күшейттік. Бүгінгі күнге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар орын алмағандығын жеткізгім келеді. Осыған байланысты Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін аталған жатақханаға орналастыруға ешқандай келісім жасалмағандығын хабарлаймыз", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Алматы хостеліндегі өрт: полиция қаза тапқандардың кім екенін анықтады


Оның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласындағы жатақханалар саны – 149, төсек-орын саны – 39 145 құрайды. Өткен жылы республика бойынша жатақханадағы орын тапшылығы 69 000 орынды құраса, бүгінгі күні тапшылық саны – 17 448.

"Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою үшін бүгінгі таңда ЖОО 7612 төсектік 87 нысанды (қонақ үйлер мен жатақханалар) жалға алды. Бірақ университеттер келісімшартқа отырған жалға алынған нысандарға өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, камералардың, турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуына қатысты жоғары талаптар қойылғандығын атап өтемін. Оларда жатақханамен келісімшартқа отырған университет студенттері ғана тұрады. Студенттік омбудсмендердің қатысуымен үй-жайларды бақылау және тексеру жүйелі түрде жүргізіледі. Мемлекеттік жатақханадағыдай қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту және студенттер үшін тұруға орын тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде", – деді Саясат Нұрбек.

Серіктестер жаңалықтары