Сауд Арабиясы футбол федерациясы өз жанкүйерлеріне 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты матчтарының билеттерін тегін тарата бастады. Бұл туралы британдық The Sun басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, мұндай шешімге ФИФА тарапынан турнир матчтарына көрермендердің аз келуі мүмкін деген алаңдаушылық себеп болған.
Осыған ұқсас тәжірибе бұған дейін АҚШ-та өткен Клубтар арасындағы әлем чемпионаты 2025 кезінде де қолданылған. Ақпаратқа қарағанда, әлем чемпионаты барысында Сауд Арабиясы құрамасын қолдау үшін келген әрбір жанкүйерге матчқа тегін билет ұсынылады.
Басылым бұл шешімнің қабылдануын турнирдің экономикалық тиімдігіне қатысты даулармен байланыстырады. Атап айтқанда, 48 құраманың қатысуымен өтетін әлем чемпионатынан күтілген қаржылық пайда толық ақталмағаны жөніндегі пікірлер мен кейбір АҚШ штаттарының ФИФА-ға қарсы талап-арыздары сөз болады. Соған қарамастан, Сауд Арабиясы құрамасының ойындарына арналған кейбір билеттердің бағасы әлі де 3 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бірақ жоғары бағаға қарамастан, стадиондарда мыңдаған бос орын қалып отырғаны айтылған.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир тарихында алғаш рет оған 48 ұлттық құрама қатысады.