Алматы гарнизонының әскери соты биыл мамырда әскери госпитальге түсіп, ауруханада қаза болған қатардағы жауынгер Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша үкім шығарды.
Қоғам белсендісі Ринат Рафхат бұл туралы әлеуметтік желіде жазды.
Әскери бөлімдегі лейтенант Жанбота Шәкіровке "билiктi асыра пайдаланды" деген айып тағылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
"Әскердегі әлімжеттіктің салдарынан ауруханаға түсіп, 10 күннен кейін көз жұмған жас сарбаз Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша айыпталған лейтенант Шәкіров ҚК 451-бап "Билiктi асыра пайдалану" 2-тармағымен жеті жыл бас бостандығынан айырылды", - деп жазды қоғам белсендісі.
Жанбота Шәкіров сотта марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылғы қазан айында Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған Досымжан Сәлімжан борышын Жетісу облысы Сарыөзек кентіндегі №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген. Биыл мамырда әскери госпитальге түскен жауынгер 10 күннен соң сонда көз жұмды.