Қазақстанда міндетті автосақтандыруды (ОГПО) онлайн рәсімдеген жүргізушілер полис бағасының негізсіз қымбаттап кеткеніне шағымдануда. Олардың айтуынша, сақтандыру компаниялары қосымша ақылы қызметтерді автоматты түрде қосып, одан бас тарту мүмкіндігін шектейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жүргізушілердің айтуынша, онлайн полис рәсімдеу кезінде жүйе жолдағы техникалық көмек, ерікті КАСКО және басқа да ақылы қызметтерді автоматты түрде қосады. Соның салдарынан міндетті сақтандыру құны айтарлықтай өседі.
Кейбір азаматтар бұл қызметтерден бас тарту батырмасы болмағандықтан, қосымша төлемді амалсыз төлеуге мәжбүр болғанын айтады.
Сақтандыру саласының маманы Алексей Никитенконың пікірінше, шағын сақтандыру компаниялары шығынның артуына байланысты қосымша табыс көздерін іздеп отыр. Оның айтуынша, кейбір компаниялар брокерлік комиссияны да қосып, полис бағасын өсіреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру компаниялары клиенттің келісімінсіз ақылы қосымша қызметтерді міндеттей алмайтынын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, сақтандыру ұйымдарының немесе олардың серіктестерінің интернет-ресурстарында ақылы қызметтерді сатып алуға келісім беретін белгілерді автоматты түрде қоюға заңмен тыйым салынған. Сондай-ақ міндетті автосақтандыру полисін рәсімдеу кезінде жүргізуші тек заңнамаға сәйкес есептелген сақтандыру сыйлықақысын төлеуі тиіс. Бұдан бөлек, банк қызметіне байланысты шығындарды қоспағанда, қосымша төлем алуға жол берілмейді.
Агенттік тұтынушыны сақтандыру өнімін сатып алуға мәжбүрлеуге немесе қосымша қызметтен бас тарту мүмкіндігін шектеуге де тыйым салынғанын ескертті.
Егер жүргізуші өз келісімінсіз қосымша қызмет үшін ақша алынғанын анықтаса, сақтандыру компаниясына немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре алады. Мұндай заңбұзушылық анықталған жағдайда сақтандыру ұйымдары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.