Жамбыл облысында өзі оқыған мектептің дамуына көмектесуге мүмкіндік беретін tylek.kz сайты іске қосылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
"Өңірде jambyl-tylek.kz сайтын аштық. Жалпы соңғы 30 жылда Жамбыл облысында 480 мыңға жуық түлек мектеп бітірді. Қазіргі таңда соның 157 мыңы аталған сайтқа тіркелді. Осы орайда, "Жомарт түлек" форумын өткізіп, соның нәтижесінде әрбір түлек өзі тәмамдаған мектеппен байланысып, жұмыс жасап жатыр. Арасында қалталы кәсіпкерлер мектептің материалдық-техникалық базасының нығаюына көмектесіп отыр", – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі түлектердің арқасында құны 2,8 млрд теңге болатын 67 жобаның жүзеге асқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол жергілікті тұрғындарға үй салуға көмектесетін "Асар" жобасының жұмысына тоқталды.
"Ата-бабамыздан қалған бұл үрдісті жақсы білесіздер. Қазір соны жалғастырып жатырмыз. Былтыр 99 үй салсақ, биыл тағы 133 үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері 75 үйдің құрылысы аяқталды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды арнайы комиссия анықтады", – деп қосты Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы "Асар" жобасына жергілікті кәсіпкерлердің ғана емес, сол ауылдан шыққан азаматтардың да тартылғанын айтып өтті. Бұдан өзге ол "Таразға тарту" жобасы аясында 1 млрд теңгені құрайтын 41 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Дәлірек, 36 саябақ пен сквер, көшелер жөнделуде, 5 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті сырланған.
"Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" шегінде 12,7 млрд теңгеге демеушілер қаражаты есебінен облыс орталығында 10 əлеуметтік нысан құрылысы жүргізіліп, 2-еуі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, спорт саласын дамытуға жалпы 11,7 млрд теңге қарастырылды. Облыста 2836 спорт нысаны бар, онда 405,6 мың тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 56,9%-ға жетті. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыспен 3700 баланы қамтуға облыстық бюджеттен 388 млн теңге қарастырылды. Бүгінде 11 дене шынықтыру сауықтыру кешенінің, 5 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде", – деп қосты әкім.
Еске салсақ, Қазақстанда мектептің спорт залын жалға алу тәртібі жарияланды. Сондай-ақ, оны жалға алу ақысының базалық мөлшерлемесі бекітілді.