23 қазаннан бастап Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай "Бақыт құшағында" атты жаңа jukebox-мюзиклы үлкен экранға жол тартты. Кинокартина бастан-аяқ ұлы композитордың әндерімен сүйемелденген.
Jukebox-мюзикл дегеніміз – танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм. Фильмнің саундтрегі үшін Шәмші Қалдаяқов репертуарындағы 13 танымал ән симфониялық оркестр сүйемелдеуімен қайта жазылды. Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетті.
"Бақыт құшағында" – режиссердің дебюті. Мюзиклде Шәмшінің шығармашылығы, қазақтың тілі, өнері мен Астананың сұлулығы көрініс тапқан. Санат Шапашевтің айтуынша, Астанада толықметражды фильм осыдан 15 жыл бұрын түсірілген екен.
"Қазақстанда мюзикл жанрында фильмдер түсірілді. Ал біз оны жаңа деңгейде, ұлттық ерекшелікке сай форматта ұсынуды мақсат еттік. Өзім музыкаға жақынмын, ән жазамын, гитарада ойнаймын. Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне сүйеніп, қазақ менталитетіне жақын мюзикл жасағым келді. Jukebox-мюзикл жанрында "Mamma Mia" секілді танымал туындылар түсірілген. Біз болсақ бұл жанрды қазақ музыкасына бейімдеп, өз болмысымызға сай етіп ұсындық", – деді режиссер.
Күрделі әрі қызықты жанрдағы туындының бас продюсері әрі режиссері – New York Film Academy түлегі Санат Шапашов. Сондай-ақ басты рөлдерде Даурен Сергазин, Алия Ануарбек, Шах-Мұрат Ордабаев, Айнұр Ілиясова, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева сынды белгілі актерлер сомдады.
Фильмді түсіру жұмыстары бір айда аяқталған. Кейбір топтық сахналарға 230-ға жуық актер мен биші қатысқан. Би сахналарын хореограф Уәлитбек Сиязбек қойған.
Басты рөлді сомдаған актриса Әлия Әнуарбек араға бес жыл салып кино әлеміне оралып отыр. Ол сцеанрийді оқыған кезде бірден ұнатқанын, рөлге дайындалған кезде вокал мен би сабақтарына қатысқанын, сондықтан түсірілім кезінде еш қиындық болмағанын айтты.
Фильмнің тұсаукесеріне танымал өнер өкілдері мен шоу-бизнес жұлдыздары қатысты. Олардың қатарында Роза Рымбаева, Нұрлан Қоянбаев, Марат Оралғазин, Сәкен Майғазиев секілді тұлғалар бар.
Бақыт – бірнеше дипломы бар, бірақ жұмыссыз жігіт. Ол отбасымен бірге Арыс қаласынан Астанаға қоныс аударады. Науқас інісін емдетіп, қартайған анасының жағдайын жасағысы келеді. Күтпеген жерден ол мұнай холдингінің беделді басшысы Әлібектің жеке көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Сол жерде Бақыт сұлу әрі батыл Әніммен танысып, екеуі бір-біріне ғашық болады.
Алайда тағдыр басқа сынақ дайындайды. Інісінің денсаулығы нашарлағанда Бақытқа бастығы Әлібек қол ұшын созады. Бірақ бастығының Әнімге ынтық екенін сезеді. Жаңа қызметінің арқасында пәтер мен көлікке ие болған Бақыт одан бақыт таппайды. Әлібектің қылмыстарын әшкерелегені үшін ол бәрінен айырылады. Әнім екеуі қосыла ма, ол жағын киноетатрдан көре аласыздар.
Шығармашылық топ:
- Бас продюсер, режиссер – Санат Шапашов.
- Сценарий авторлары – Санат Шапашов, Ринат Сүлейменов, Әнел Оспанова, Перизат Мырзахмет.
- Музыкалық продюсерлер – Мұхтар Қалдаяқов, Ботагөз Қалдаяқова.
- Продюсер – Әнел Оспанова.
- Digital-продюсер – Айкерім Есенәлі.
- Оператор — Азамат Жаңабеков.
- Суретші – Руслан Оспанов.
- Хореограф – Уәлитбек Сиязбек.
- Музыканы көркемдеуші – Никита Карев.
USD:
517.9 / 520.9
EUR:
605.5 / 610.5
RUB:
6.45 / 6.57