Қазақстандық спортшы Інжу Тұрсынәлі әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп қана қоймай бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Ол 24 жасында Алматы облысы, Талғар ауданы, Талдыбұлак ауылында "RAIYMBEK JJ TEAM" атты зал ашқан. Джиу-джитсудан екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионы атанған ол бапкерлікті де, төрешілікті де үйреніп, халықаралық А санатындағы төреші атанды.
Осы орайда Информбюро тілшісі ҚР спорт шебері Інжу Тұрсынәліден спортшы, бапкер, төреші ретінде жүріп өткен жолы туралы сұхбаттасты.
– Спортқа қалай келдіңіз? Неге джиу-джитсуды таңдадыңыз?
– Сегіз жасымда каратемен айналыса бастадым. Сосын волейболға қатысып, Алматы облысының құрамасында ойнадым. Інімді дзюдо мектебіне апарып жүріп бір күні бапкер менің қол-аяғым шымыр екенін байқап қалды. Балалармен қол күрестіргенде бәрін жеңіп кеттім. Күшім көп болды. "Кимоно, керек-жарақтың бәрін алып беремін, сен осында қал" деді. "Жарайды" деп қалдым. Әкем басында күреспен айналысқаныма қарсы болды. "Қыз баласың ғой, керек емес шығар" деді. Бұл спорт өзіме ұнаған соң қалмай баратын болдым. Дзюдо федерациясында жүріп джиу-джитсу жарыстарына шығып жүрдік. Алматы облысында джиу-джитсу федерациясы ашылып, осы спортқа толығымен ауысып кеттім.
Жақсы нәтижеге жеттім. Еш өкінбеймін. Әлем чемпионы, екі дүркін Қазақстан чемпионы болдым. Ұлттық құрама сапында жүрдім. Жарақат алып қалған соң бапкерлікке ауыстым. Әлі де өнер көрсетемін деген ойдамын.

– Ауылда спорт клубын ашып, шәкірт тәрбиелеп жатырсыз. Кез келген адамынң қолынан келе бермейтін бұл ісіңіз көпке үлгі. Бұл идея қалай дүниеге келді?
– Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдадым. Мектепті "Алтын белгіге" бітірсем де, спорт саласында жетістікке жетсем екен деген мақсатым болды. Сондықтан тек спортқа бет бұрдым. Соның арқасында шетелге шығып, тәжірибе жинадым.
Қазақстанда кәсіби бапкерлер аса көп емес. Талай қиындық басымнан өткеннен кейін қалай жаттығу керек, қалай жүктеме қою керек, қалай психологиялық тұрғыда көмек беру керек екенін зерттей бастадым. Оқу бітіре сала зал ашқаным дұрыс болмаушы еді. Жаттықтырушы ретінде тәжірибем болмады. Сондықтан бас бапкерім Леонид Юсуповтың залында балаларды жаттықтырып, екі жыл тәжірибе жинадым. Жарысқа да апардым. Бұрыннан зал ашып, тәжірибелі бапкерлер жинап, шетелден бапкерлер шақырып, балаларды жаттықтырсам деген мақсатым болды.
Өзіме нық сенімді болған кезде зал іздей бастадым. Зал іздедім. Өзім тұрып жатқан Талдыбұлақ ауылының қақ ортасынан зал аштым. Залға өзім туып-өскен Райымбек ауданының атын бердім. Шалкөде ауылының тумасымын. Бір жылдан астам уақытта 200-ден астам бала жаттығу жасайды.
– Спорт клубын ашқанда қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Қыз баласы болған соң қиындықтар болды. Бүкіл ақшамды салдым. Тәуекел еттім. Зал іздеп жүрген кезде қараусыз қалған ғимаратты көрдім. Ішіне кіріп көрсем бастан-аяқ жөндеу керек екен. Дым жоқ, қап-қара. Иесінен залды сұрап, жөндеу жасайық дедім. Ол кісі бастамамды қолдады. Екі-үш ай жөндедік. Күнде залда жүрдім. Қара жұмыстарды да істедім. Соның бәрін өткеріп, зал аштым.
Қазақстанда спорт клубын ашқан алғашқы қызбын. Өте дұрыс істедім деп ойлаймын. Бұл залда джиу-джитсудан ғана емес, таеквондошылар да, каратешілер де жаттығады. Енді жан-жақтан филиал ашсам деген жоспар бар.

– Шәкірттеріңіз аз ғана уақытта қандай нәтиже көрсетті?
– Ауылдан чемпиондар көп шығады. Оларға бағыт-бағдар беріп, жаттықтыратын бапкерлер қажет. Қазір балалар чемпион болып жатыр. Бір қызымыз Панамерика жарысына барып, екінші орын алып келді. Бір балам Азия чемпионы болды.
Клубта спортшыларға техниканы ғана емес, мінезін шыңдауды үйретеміз. Мұнда басқаларды құрметтеуді, тәртіпті, қиындықты еңсеруді үйренеді. Залда бір үйдің баласындай жаттығады. Бір адам жеңіске жетсе бәріміз қуанамыз.
– Сіз ең жоғарғы халықаралық А санатындағы төрешісіз. Төрелік етуге қашан қызықтыңыз?
– Басында төрешілікке қызықпайтынмын. Бапкер болғаннан кейін балалардың қай кезде қандай қате жібергенін білу қажет. Кейіннен қызығып, төрелік етуді үйрене бастадым. Өзім жаттығатын залда төрелік етіп, содан соң дәреже алып, Қазақстандағы жарыстарда, одан кейін әлемдік ареналарда төреші болып, тәжірибе жинадым.
Төрешілікті дамыту үшін спортшыларға көбірек семинарлар өткізу керек. Балаларды көбірек жарысқа апару керек. Төреші болу үшін көп жұмыс істеу керек, өйткені біреудің тағдыры қолыңда тұрады.

– Өзіңіз тұғырда тұрғандағы сезім бір бөлек, ал шәкірттеріңіз биіктен көрінгендегі сезім бір бөлек шығар?
– Өзім орын алғаннан гөрі шәкірттерім орын алғанда мың есе қуанамын, өйткені мен де олар сияқты болдым. Шәкірттерім жетістікке жетсе бұның бәрі бекер емес деп ойлаймын. Мен жүрген жолмен шәкірттерім де жүріп өтсе ешқандай өкінбейді деп ойлаймын. Спорт – мүмкіндік. Спорт – орта, коммуникация, тәртіп, сенімділік, жауапкершілік. Бүкіл нәрсе спортта бар, сондықтан спортшы ешқашан жерде қалмайды деп ойлаймын.
– Алда қандай жоспарыңыз бар? Қандай арманыңыз бар?
– Бапкер ретінде шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, джиу-джитсудың Қазақстанда дамуына үлес қосатын кәсіби маман болғым келеді. Джиу-джитсудың болашағы бар. Алдағы уақытта Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіруі мүмкін деп жатыр. Жыл сайын "RAIYMBEK CUP" атты турнир өткізгім келеді. Мен ашқан залдан шыққан балалар да Олимпиада шыңына шығады деген үміттемін.
Клубымның филиалдарын ашып, спортты дамытқым келеді. Қазақстанда аты шыққан көп клуб жоқ. Әлемдегі клубтар өздерінің филиалын ашады. Ал мен өз клубымның филиалдары басқа елдерде де болғанын қалаймын. Біздің клубымыз туралы Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем білсе деймін.