Астанадағы республикалық Бас мешітке "Нұрсұлтан мешіті" атауы берілді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтында хабарлады.
"Республикалық Бас мешіт – елорданың ғана емес, барша Қазақстан мұсылман жамағатының ортақ рухани ордасы. Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етіп келеді", – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, республикалық Бас мешіт – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең ірі мешіт. Оның құрылысы 2019 жылы басталып, салтанатты ашылу рәсімі 2022 жылғы 12 тамызда өтті.
Мешіт толықтай демеушілердің қаражатына салынды. Ғимараттың бас күмбезінің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр, ал төрт мұнарасының әрқайсысының биіктігі – 130 метр. Кешен бір мезетте ондаған мың адамды қабылдай алады және бүгінде құлшылықпен қатар рухани-ағартушылық, мәдени және қайырымдылық іс-шаралары өтетін маңызды орталыққа айналған.
Астана мешіттерінде сурдоаударма қызметі іске қосылды
Астана мешітіндегі шаштараз мүгедек жандарға тегін қызмет көрсетеді