Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Теректі, Шыңғырлау аудандарында 13 мектепке жабылу не шағын форматқа ауысу қаупі төніп тұр. Бұл мәселені мәжіліс депутаттары көтерсе, үкімет бұл мектептердің болашағына қатысты өз жауабын берді.
Еске салайық, депутаттар Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғанын, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің бала саны жетіспейтініне байланысты таратылғанын алға тартып, мұндай қауіп тағы 13 мектепке төніп отырғанын айтқан болатын. Олар бұл мәселе ауыл мектептерінің бәріне бала саны бойынша бір нормативті таңудан туындап отырғанын айтып, бұл нормативті қайта қарауды ұсынды.
Депутаттық сауалға жауап берген үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Оқу-ағарту министрлігі Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шекаралас аудандардағы ауыл мектептерін сақтап қалу және оны дамыту бойынша хат жолдағанын хабарлады.
"Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінен шекара аймағында орналасқан мектептерді алып тастау мәселесін пысықтауда", – деп жауап берді Ермек Көшербаев.
Қазіргі қолданыстағы нормативке сәйкес, жалпы білім беретін орта мектепте кемі 81, негізгі орта мектепте кемі 41 және бастауыш мектепте кемі 5 оқушы болуы керек. Соған сәйкес, Ермек Көшербаев аталған мектептерде оқушылар санының белгіленген жүктемеден едәуір аз болуына байланысты 2025-2026 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектепті негізгіге, негізгі орта мектепті бастауышқа ауыстыру немесе тарату барын жоққа шығармады.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63

