Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау схемасын анықтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған.
"Осылай, жалпы сомасы 460 млн теңге болатын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілмейді", – делінген хабарламада.
Кейінгі бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактура бергені үшін бес тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.