Ресей Федерациясының Самара облысында Қазақстаннан келген автобус апатқа ұшырады, құрбан болғандар бар. Бұл туралы РФ Ішкі істер министрлігі бас басқармасының мемлекеттік жол инспекциясы хабарлады.
Ресей ІІМ Самара облысы бойынша бас басқармасының мемлекеттік жол инспекциясының бастығы Юрий Некрасовтың айтуынша, 8 сәуірде шамамен сағат 1.00-де Кинельский ауданында автобус жол апатына ұшырады.
Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері жинаған материалдардарға қарағанда, SCANIA автобусын басқарып келе жатқан 1988 жылғы жүргізуші "Урал-Муханово" тасжолының 26-шы шақырымында көлікті басқара алмай, аударылып қалды. Оқиға орнында жедел жәрдем жеткенше 1992 және 1994 жылғы екі жолаушы қаза тапты, жарақат алған 8 жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді.
Автобуста барлығы 65 жолаушы болған. Жүргізушінің өзі зардап шеккен жоқ. Бұл автобустың Қазақстанда тіркелгені анықталды. Ол Өзбекстан азаматтарын тасымалдап жүрген. Автобус Шымкент-Нижний Новгород бағытымен келе жатқан.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы, облыстық мемлекеттік жол инспекциясының басшылығы және РФ ІІМ аумақтық департаменті жұмыс істеп жатыр.