Қытай Халық Республикасында көлік министрлігі, бизнес-компаниялар және басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен алғашқы Қазақстан-Қытай астық форумы өтті, деп хабарлады ҚР Көлік министрлігі.
Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымының мүмкіндіктері, сонымен қатар экспорттық жүктерді жеткізу шарттарын талқылады.
"Екі ел арасындағы жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, рекордтық көрсеткішке, яғни, 28 миллион тоннаға жетті. Осы ретте Қазақстаннан экспортқа 12,6 миллион тонна жөнелтілді, бұл 2022 жылғы деңгейден 35%-ға артық", – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық делегация Алашанькоу станциясының бонд аймағындағы дәнді дақылдар мен өсімдік майларын тасымалдау бойынша жаңа терминалдың жұмысымен танысты.
Кездесуде тараптар тасымалдау технологиясы және қазақстандық агроөнімді қабылдауды ұлғайту туралы келісті.
Тараптар сонымен қатар ҚХР-ға экспортты тасымалдау кезінде туындайтын мәселелерді анықтау және шешу үшін жұмыс тобын құруға келісті.
"Бүгінде Қазақстанның Қытайға жеткізілетін негізгі дақылдардың қатарында арпа мен бидай бар. Екі тараптың бірлескен жұмысының нәтижесінде 2023 жылы пандемиядан кейін Қытайға тасымалдауды қайта бастауға мүмкіндік туды. Бұл дәнді дақылдар экспортын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2021 жылы шамамен 347 мың тонна, 2022 жылы 747 мың тонна, ал 2023 жылы 2 227 мың тонна экспортталды", – деді Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов.