Бүгін Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Республика бойынша сайлау құқығы бар қанша мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген? Олардың дауыс беруі үшін учаскелерде қандай жағдай жасалған?
Республика бойынша сайлауға қатысатын әрі дауыс беру үшін арнайы көмекті қажет ететін 77 мың 759 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың көпшілігі – көру қабілетінен айырылғандар, жалпы саны – 29 мың 920 адам. Олар ерекше қажеттіліктері бар 3 санаттағы азаматтардың 38,48 пайызын құрайды.
Ал, арба-кресло қолданатын жандардың саны 21 мың 240 (27,32 пайыз) болса, мылқау және құлағының мүкісі бар жандардың саны – 18 737 (24,10 пайыз).
Республика бойынша 5868 учаскеде арба-кресло қолданатын, 5840 учаскеде көру қабілеті нашар, 4889 учаскеде мылқау және құлағының мүкісі бар сайлаушы тіркелген.
Бүгінгі референдумдағы 9 709 учаскенің 9 288-і (96 пайыз) пандуспен, 8996-сы (93 пайыз) кіреберістегі тактильді белгілермен, ал 8 486-сы (87 пайыз) учаскедегі тактильді белгілермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, республика бойынша 9 705 (99,9 пайыз) учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұрыштар жасақталған. Ал, 9 566 (99 пайыз) учаске мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабиналармен жабдықталған.
Сонымен қатар, бүгін кейбір учаскелерде қосымша тағы 208 пандус (2 пайыз), 307 (3 пайыз) кіреберістегі тактильді белгілер, учаскелерде 447 (5 пайыз) тактильді белгілер орнатылды. Республиканың барлық аумағында инватакси қызметі ұйымдастырылып отыр. 20 қыркүйектегі ақпарат бойынша, референдум күні 1704 елдімекенде 790 техниканың жұмыс істейтіні белгілі болған еді.
Бүгін референдумда есту қабілеті нашар жандарға бюллетень толтыру бойынша бейнеқолдаудан бөлек, 3491 сурдоаудармашы қызмет көрсетіп жатыр. Сурдоаударма онлайн және оффлайн режимде жүзеге асырылып отыр.
2018 жылғы 29 маусымда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау тәжірибесінде алғаш рет "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, мұнда төмендегі нормалар қарастырылған:
- Дауыс беру бөлмесін жабдықтау кезінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың кедергісіз кіруіне және дауыс беруіне жағдай жасалуы тиіс (39-бап, 1-1-тармақ).
- Жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларының осы бағыттағы жұмысына жәрдемдесуге міндетті (48-бап, 2-1-тармақ).
- Учаскелік сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдайды (18-бап, 4-1-тармақ).