USD: 466.7 / 469.1
  • EUR: 534.5 / 539.5
  • RUB: 5.63 / 5.75
Тікелей эфир
Алматы +21C
Все города

Райымбек батыр елінің еңселі тойы: Шежірелі өңірдің өткені мен бүгіні Шәлкөде жайлауында паш етілді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Шалкөде жайлауында өткен дүбірлі тойға 25 мыңнан астам қонақ келген.

Шалкөде жайлауында дүбірлеп өткен ұлан-асыр той ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бабалар аманаты мен тарихи мұраны жаңғыртқан еңселі рухани басқосуға айналды. 

Ақ жауынды аймақ төсіне 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, 25 мыңнан астам қонақ келген. Фестиваль аясында бағзыдан жеткен халықтық қолөнер, заманауи этнодизайн мен қылқалам шеберлерінің туындылары, қазақтың бай дастарқаны мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге отандық хас шеберлермен иық тірестіре отырып, Қытай, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Грузия елдерінен ат арытып келген өнерпаздар да өз туындыларын ала келген. 

Caption

Сонымен қатар жайлау төсінде білек пен қауқарды сынайтын ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтіп, еліміздің әр қиырынан жиналған кіл мықтылар өзара бақ сынасты. Осынау мәдени-көпшілік шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден мыңдаған мейман ағылып келіп, Тәңіртау баурайындағы ғажайып мерекенің куәсі болды. 

Фото: Informburo.kz

Тұлғалар тағылымы мен ұлттық болмыс

Фестиваль барысында Райымбек ауданының тарихи қалыптасу шежіресі, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен рухани құндылықтары кеңінен насихатталды. Әсіресе, арнайы жасақталған көрме бұрыштарында ел қорғаған айбынды Райымбек батырдың ерлік жолы мен осы қасиетті топырақтан түлеп ұшқан біртуар тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына кеңінен орын берілді. Олардың қатарында қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, отты жырдың иесі Еркін Ібітанов, от ауызды сыншы Сағат Әшімбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен айтыс өнерінің жарық жұлдызы Оразалы Досбосынов сынды ұлт руханиятының заңғар өкілдері бар. 

Фото: Informburo.kz

Жиналған қауымның ерекше ықыласын аударып, делебесін қоздырған әсерлі сәттердің бірі – көшпелі қазақ тұрмысының сән-салтанатын паш еткен "Қарқаралы" жайлау көші болды. Көз тартар көш керуені арқылы қонақтарға халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, ата-баба дәстүрі мен ұлттық дүниетанымы көркем бейнеленді. Шетелдік этноөнер шеберлерінің өзіндік шеруі де фестивальдің ажарын ашып, абыройын асыра түсті. 

Фото: Informburo.kz

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақжарма құттықтауын жеткізді. Президент өз лебізінде Райымбек ауданының тарихы терең, бірлігі бекем киелі өңір екенін тілге тиек етіп, жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалардағы тынымсыз еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы аудан тұрғындарының ел дамуына бағытталған игі бастамаларды әрдайым қолдап келе жатқанына тоқталып, өңірдің өркендеуіне тер төгіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. 

Фото: Informburo.kz

"Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев және өзге де көрнекі қаламгерлер шоқтығы биік шығармалар жазып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді. Қазір аудан халқы ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін танытып жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі", – делінген құттықтау хатта.

Фото: Informburo.kz

Райымбек – ел руханиятының алтын арқауы

Ауқымды жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Нарынқол өңірі қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасының алтын бесігі екенін атап өтті.

"Бұл – Райымбек батырдың, Ұзақ пен Жәмеңкенің рухы мен ерлігі өрілген қасиетті мекен. Осы топырақтан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып тұлғалары өсіп шықты. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО аясында аталып өтуі – осы өңірден шыққан тұлғалардың халықаралық деңгейде мойындалғанының бұлтартпас дәлелі. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – халқымыздың рухани қазынасы. Ал Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов пен Оразалы Досбосынов қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осындай ұлы тұлғаларды тәрбиелеген Райымбек ауданы әрдайым ел руханиятының алтын арқауы болып қала береді", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Фото: Informburo.kz

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекаралық және ауылдық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып, осы бағытта Райымбек ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, аудан өзінің аграрлық әлеуеті арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе картоп шаруашылығы, дәнді дақыл өндірісі мен мал шаруашылығы аудан экономикасының негізгі жетекші күшіне айналған. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті де өте жоғары бағаланды. 

Фото: Informburo.kz

"Хантәңірі шыңы, Тұзкөл, Тастау көлдері мен Шалкөде жайлауы – Қазақстандағы ең көрікті табиғи орындардың бірі. Бұл аумақтар этнотуризмді, экологиялық туризмді, альпинизм мен треккинг бағыттарын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Болашақта осы табиғи әлеует аудан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Фото: Informburo.kz

Үш күнге созылған ұлы думан

Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік шаралар үш күнге ұласты. Мерейтой аясында Қарасаз ауылында "Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке" атты айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған ІІ республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Нарынқол ауылында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Ал аудан орталығында Қазақстанның танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен гала-концерт өтті. 

Фото: Informburo.kz

Мерекелік бағдарламаның қорытындысы Шалкөде жайлауында "Жолан жүйрігі" республикалық ат бәйгесімен және ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстармен жалғасады. Сонымен бірге "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында экологиялық сенбілік өткізу жоспарланған. 

Фото: Informburo.kz

"Хантәңірі қазынасы" этнофестивалі Райымбек өңірінің бай тарихи мұрасын, ұлттық мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен танытып қана қоймай, қазақ халқының рухани құндылықтарын ұлықтайтын халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени оқиғаға айналды. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау