Тікелей эфир

Қызылордадағы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды

Институттағы кейбір пәнді тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар жүргізген.

"Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты жабылуы мүмкін. Өйткені, білім ордасы өзіне берілген мерзім ішінде қателіктерді түзетпеген. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жүргізген қайта тексерудің нәтижелері осындай болды.

Бұған дейін ЖОО-да тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша комитет қызметкерлері түрлі бұзушылық анықтады. Қызылорда қаласындағы "Ақмешіт" институтына ұйғарым беріліп, оқу орнына барлық сәйкессіздікті жоюға уақыт берілді. Алайда, жоғары оқу орны берілген уақытты білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүргізу мәселесіне емес, сот талқылауына және ҚР БҒМ комитетінің іс-әрекеттеріне шағымдануға жұмсаған.

"Жоғары оқу орындарында тексеру жұмыстарын білім беру сапасы мен кадрлар даярлауды жақсарту үшін жүргізетінімізді түсіну маңызды. Бұл ретте біз ЖОО-ларды лицензиядан бірден айырмаймыз және оларды бірден жаппаймыз. Жоғары оқу орындарына бұзушылықтарды жоюға уақыт берілгенімен, ешқандай әрекет болған жоқ. Осыған байланысты біз кейінірек қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін жағдай жасап, білім беру бағдарламаларының сапасын жақсартуға қол жеткізуі маңызды. Әйтпесе, жосықсыз университеттер сапалы біліммен қамтамасыз етпей, диплом беруді жалғастыратын болады.

"Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институтына келетін болсақ, соңғы тексеру осы жылдың маусым айында жүргізілді. Бұзушылықтар жойылған жоқ. Әңгіме материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және оқу процесін ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер туралы болып отыр. Институттағы кейбір пәнді тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар жүргізген. Тіпті оқу процесін мерзімінен бұрын аяқтап, нәтижесінде студенттер білім беру бағдарламаларын толық игере алмаған. Қазіргі таңда институт оқу орнын лицензиядан айыру туралы қабылдаған шешімімізге наразылық білдіруге тырысып жатыр", – деді БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Бүгінгі таңда "Ақмешіт" институтының білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ. Алайда, дипломдардың жарамсыз болғандығына қарамастан, институт оларды БҒМ-де тіркелген сериялар мен нөмірлерсіз берген. Студент білім алып жатқан ЖОО лицензиядан айырылған және аккредиттеуден өтпеген болса, білім алушылар гранттарды сақтай отырып әрі игерілген кредиттер мен пәндерді қайта тапсырып, басқа жоғары оқу орындарына ауысуға құқылы.

Осы жылдың түлектері басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады және олардың оқу нәтижесі ескеріліп диплом беріледі. Осы орайда министрлік талапкерлер мен ата-аналарды ЖОО таңдау мәселесінде мұқият болуға шақырды. 

Еске салсақ, Үкіметаралық келісім шеңберінде қазақстандықтар тегін білім алатын елдер саны онға жетті. Тізімге Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам елдері қосылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары