Қызылорданың көлік жүргізушілерін аса қауіпті өткел алаңдатып отыр. Өйткені күніне мыңдаған автокөлік өтетін көпір өте тар әрі еңістігі көлік жүрісіне қолайсыз салынған. Айтуларынша, соның кесірінен бұл аумақта жол апаттары жиілеп кеткен. Мәселен өткен аптада осы көпірден қатты жылдамдықпен түскен жеңіл автокөлік ассенизатормен соғылып, 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Үш азаматтың өмірін алған ірі жол апаты Хон Бом До көшесінде болған. Көпірден өтіп келе жатқан автомобиль осы тар көшеде жүк көлігіне соғылған. Жүргізушілер жалпы көпір де, оған жалғасатын жол да аса қауіпті дейді. Өйткені тым тар. Оның үстіне көпірден еңіске зулаған көлікті дер кезінде тоқтату қиын. Сондықтан дәл осы тұста көлік апаты жиі болады дейді көпшілік.
Шенеуніктер қаланың екі жағын жалғап тұрған көпірдің тар екенін мойындайды. Айтуларынша өткел осыдан 13 жыл бұрын барлық талаптарға сай салынған. Сондықтан қазір көпірді де, көшені де кеңейту жоспарда жоқ дейді.
Оқи отырыңыз: Алматыда лай көшкінінен бүтін бір отбасы қаза тапты: төтенше жағдай болған жердің видеосы
"Ол – монолит көпір. Ол кеңейтілмейді. Өз есептемелерімен салынған ғой. Сол себепті біз ол көпірді кеңейте алмаймыз. Сол себепті Нұрлыбек Мәшбекұлының бастамасымен Жанқожа батыр көшесіне сол арадан көпір салынайын деп жатыр. Қазір жобасы дайын тұр", – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.
Әкім орынбасары қаланың басқа бөлігінен жаңа көпір салынса, көлік ағыны азайып, қазіргідей жол апаты жиі болмайтынына сенімді. Айта кетейік, өткен жұмада кешкі уақытта тар көпірден түсіп келе жатқан жеңіл автокөлік ассенизатрмен соғылған болатын. Соның салдарынан "Лада автомобилінде болған үш азамат оқиға орнында көз жұмған еді.