Қызылордада жекеменшік балабақша тәрбиешісі ерекше балаға қол көтерген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тіпті аутизмге шалдыққан бүлдіршінге тамақ бермей, қорлық көрсеткен дейді анасы. Ашуға булыққан өзге де ата-аналар орталыққа баратын балаларымыздың денесі көгеріп, бет-ауызы жара болып келеді деп шағымданып отыр.
Айтуларынша қызметкерлер науқас балаларға күш көрсетіп, дұрыс тамақтандырмайды. Қазір шу шыққан бөбекжай мамандарына қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Бұл ерекше балаларды тәрбиелейтін "Жас ұрпақ" балабақшасында болған жағдай.
Бейнежазбада түс мезгілінде тәрбиешілердің еденде демалып жатқаны көрінеді. Сол сәтте кереуеттегі 5 жасар Әлихан Аманбай мазасынданып, қозғала бастайды. Ал қызметкер өзі дұрыс тыныға алмағанына ашуланды ма, әйтеуір бүлдіршінді көтеріп алып жерге тастай салады. Әлиханның анасы аутизмге шалдыққан балама қатыгездік танытқан тәрбиеші түк болмағандай ұйықтап қалған деп отыр.
"Камераны ашқан кезде тәрбиешінің баланы алып, жерге лақтырғанын көремін. И артынан тағы соққы бергенін көремін. Артынша ешқандай көмек көрсетпеген балаға. Тәрбиешілер әрі қарай ұйықтап жатыр. Баланың мұрыны қанап жатыр. Оны шалқасынан жатқызып, ұйықтатып тастаған. Қан миға кетіп қалса, өліп кетуі де мүмкін ғой", – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ұлболсын Мүслім.
Сұмдық жағдайдан кейін өзге де ата-аналар полицияға шағым түсірген. Айтуларынша әртүрлі диагнозы бар басқа бүлдіршіндердің де бұған дейін балабақшадан денелері көгеріп, тіпті бірінің қолы сынып келген екен. Сондықтан ата-аналар қатал қызметкерлер ерекше балаларымызды ұрып-соғуы әбден мүмкін деп отыр.
"Менің баламның бірде білегі, тізесі, одан соң жамбасы мен арқасы көгеріп келді. Бірақ тәрбиешілер баланың өзі құлады деп жүрді. Біз мына жағдайдан кейін оған сенбейміз. Мүмкін өздері ұрған шығар. Оның үстіне тек біз бір ғана видеоны көріп отырмыз. Тіпті дұрыс тамақ бермегендіктен балаларымыз үйге аш болып келеді", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Динара Қалиева.
Ата-аналар балаларға астың тым аз мөлшерде берілетінін де бейнекамераға жазылған видеодан көрген. Онда сегіз бүлдіршінге бар-жоғы үш тарелка тамақ қойылып, ал тәрбиешілердің телефонға телміріп отырғанын көрген. Ал балабақша басшысы қызметкердің 5 жасар Әлиханға күш көрсеткенін растағанымен, ас мәзірі талапқа сай деп ақталады.
Яғни, меңгеруші өзге ата-аналардың балаларымызды ұрды деген шағымын жоққа шығарады. Ал Әлиханға күш көрсеткен тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылған екен. Қазір полиция "кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамау" бабымен іс қозғады.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63