Қызылордада 250 отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасымен баспаналы болды

Жыл соңына дейін қалада 250 пәтерлік тағы 8 үй қолданысқа беріледі.

Фотоны Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

Қызылорда қаласындағы СПМК-70 тұрғын ауданында 50 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты түрде табыстады. Ол қуаныш иелерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.  

"Соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Бүгін де жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, отбасылардың қуанышын еселеп отырмыз. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын", − деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Фотоны Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

Жаңа пәтердің кілтін қолына алған қызылордалық 250 отбасы мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасының шарттарына сәйкес келген. Олар – "Отбасы банк" АҚ салымшылары.

Фотоны Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

"Бұл бағдарламаға қатысушының депозитінде баспана құнының кемі 20 пайызы болуы тиіс, бұл – оның бастапқы жарнасы. Несие мөлшерлемесі жылдық 5 пайызға тең. Баспананың 1 шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Жалпы, Отбасы банкінің өнімдері мен бағдарламалары қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері банктің Қызылорда қаласындағы филиалы облыс тұрғындарының баспана мәселесін шешу үшін 700-ден астам несие берген. Жыл соңына дейін қалада 250 пәтерлік тағы 8 үй қолданысқа беріледі", − деді "Отбасы банк" АҚ Қызылорда қаласындағы филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

Фотоны Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

Шара соңында "Отбасы банк" АҚ Қызылорда қаласындағы филиалының мамандары тұрғындарға тегін балмұздақ пен сусындар таратты. Акция аясында жаңадан депозит ашқан азаматтарға сыйлықтар берді. Салымшы болуға шақырып, депозиттер мен шарттары туралы ақпарат айтты.

Серіктестер жаңалықтары