Қызылорда әкімдігі 2 жыл бұрын 22 миллион теңгеге электронды ақпараттық тақтайшалар сатып алып, оны аялдамалардың маңына орнатқан. Бұл тақтайшаларда қоғамдық көліктердің жүру кестесі көрсетілуі керек болатын. Бірақ, содан бері ақпараттық тақтайшалардың бірде-бірі іске қосылмаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қала әкімдігі таблоларды іске қосу үшін тағы да бюджеттен ақша алмақ. Қаланың орталық көшелеріндегі аялдамалардың маңына 2019 жылы 26 электронды ақпараттық тақтайша орнатылған. Бірақ, екі жылдан бері бірде-бір рет іске қосылмай, ел игілігін көрмеді. Тұрғындар шаң басқан тақтайшалардың не үшін тұрғанын түсінбейтінін айтады
Қала әкімдігі мұндай тақтайшаларды орнату арқылы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын дамытпақ болған. Жауаптылардың сөзінше, сол уақытта қаражат тақтайшаларды орнатуға ғана бөлініпті. Ал оны іске қосу үшін тағы да қаражат керек.
"Бюджеттің мүмкіншілігіне қарай электронный бағдарлама орнату үшін автобусный парктің автобустарына ғана жасалған. Енді оны әрмен қарай орындау мақсатында бюджеттен 6 млн теңге ақша бөлініп, қазіргі таңда сатып алу конкурсы жарияланған", – деді Қызылорда қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бахтияров.
Дегенмен, бөлім басшысының орынбасары екі жылдан бері ел игілігін көрмеген тақтайшалар әлі де жарамды екенін айтып отыр. Сондықтан, "ақылды аялдама" жобасы аяқсыз қалмайды деп сендірді.